Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев ұсталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында жарияланған деректерден белгілі болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Атап айтқанда, осы жылғы 7 мамырдағы жарияланымда Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев Б. Момышұлы атындағы «Айбын» ІІ дәрежелі орденімен марапатталғаны атап өтілген — әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігін қолдау және қызметтегі жетістіктері үшін.
Еске салайық, Ішкі істер министрлігі Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін қызметке немқұрайлы қарау және ауыр зардаптарға әкеп соққан кеме жүргізу ережелерін бұзуға байланысты қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің жоғары және аға командалық құрамының жауапты лауазымды тұлғалары ұсталғанын хабарлаған болатын.
Ұсталғандардың қатарында — Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — штаб бастығы, екі әскери бөлім командирі, сондай-ақ теңіз жаяу әскері ротасының және катер командирлері бар. Алайда ол кезде тегі аталмаған.
Барлық бесеуі күдікті деп танылып, Ақтау қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Іс бойынша ұсталғандардың саны одан әрі көбеюі мүмкін.


