Жамбыл облысында қатты жел жұлып кеткен ғимарат шатыры әйелдің үстіне құлады. Зардап шеккен әйел ауыр жарақат алып, 1-топтағы мүгедек болып қалды, кейін сот арқылы өтемақы өндіріп алды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жамбыл облысы соттарының ресми Telegram-арнасында жазылғандай, оқиға 2023 жылдың мамырында Жамбыл ауданының Аса ауылында болған: желдің екпіні ғимарат шатырын жұлып әкетіп, ол әйелдің үстіне құлаған. Салдарынан талап қоюшы ауыр жарақат алып, 1-топтағы мүгедек деп танылды.

2024 жылдың қазанында Жамбыл аудандық соты ғимарат иелерінің бірінен зардап шеккен әйелдің пайдасына 8,5 млн теңгеден астам материалдық шығын, сондай-ақ 10 млн теңге моральдық зиян өтемақысын өндіруге шешім шығарды. Кейін облыстық соттың қаулысымен материалдық шығын мөлшері 4,3 млн теңгеге дейін төмендетілді.

Іс алғаш қаралғаннан кейін зардап шеккен әйел емделуге, көшуге және денсаулығын қалпына келтіруге байланысты шығындарын жалғастырып жатқанын айтып, сотқа қайта жүгінді. Ол медициналық көмекке, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алуға, қосымша процедуралардан өтуге жұмсалған шығындарды растайтын құжаттарды ұсынды. Сонымен қатар талап қоюшы алған жарақаттарынан жұмыс істеу мүмкіндігінен айырылғандықтан, ай сайын 218 мың теңге көлемінде жоғалтқан табысын өндіруді сұрады.

Жамбыл аудандық соты емделуге жұмсалған шығындар өтелуге тиіс деген қорытындыға келді. Сот сондай-ақ оқиғаға дейін талап қоюшы әлеуметтік қызметкер болып жұмыс істегенін және оның табысы айына 189-218 мың теңге аралығында болғанын анықтады. Еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін (90%) ескере отырып, сот жоғалтқан табыс мөлшерін ай сайын 177 мың теңге деп белгіледі. Жауапкерлер бұл соманы талап қоюшы зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын төлеуге міндетті.

Бұдан бөлек, ғимараттың екі иесінен 1,4 млн теңгеден астам материалдық шығын және мемлекеттік баж солидарлы түрде өндірілді. Шешімге жауапкерлер шағымданды, алайда Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы оны өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.

Еске салайық, 2023 жылдың мамыр айының басында Жамбыл облысында қатты дауыл болып, желдің екпіні 28 м/с жеткен. Ол ғимарат шатырын жұлып әкетіп, ол әйелдің үстіне құлап, оны алып қаңылтырлармен жапқан. Зардап шеккен әйел ауыр халде реанимацияға жеткізілді.