Қазақстандықтар дәріханадан жазылған дәрінің бір бөлігін ғана алып, провизордың рецептіні өзінде қалдырып қоятын жағдайға жиі тап болады. Мұндай жағдайда емдеу курсын қалай толықтыруға болатынын Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті түсіндірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Заң бойынша, егер дәрі бөліп берілсе, дәріхана рецептінің көшірмесін ғана қалдырып, түпнұсқасын науқасқа қайтаруға міндетті. Алайда мұнда да ескеретін жайттар бар.

«Егер препарат толық қаптамамен немесе толық мөлшерде берілмесе, фармацевт рецептінің сырт жағына нақты берілген мөлшерді жазады. Мұндай рецепт науқасқа қайтарылады, ал оның көшірмесі дәріханада қалады — бұл нақты берілген көлемді есепке алуға және емдеуді үзбеуге мүмкіндік береді», — деп түсіндірді ведомство.

Дәл осы құжатпен азамат кейін дәрінің қалған бөлігін сатып ала алады.

Сонымен қатар, ерекшеліктер де бар. Егер рецепт арнайы есепке алынатын препараттарға немесе ережелерде дәріханада сақтау көзделген өзге де санаттағы рецепттерге жазылса, ол дәріханада қалады және науқасқа қайтарылмайды.

Мұндай санаттарға, атап айтқанда, құрамында есірткі заттары, психотроптық заттар және олардың прекурсорлары бар дәрілерге, сондай-ақ заттық-сандық есепке алынатын препараттарға жазылған рецепттер жатады.

Комитет сондай-ақ қарапайым рецептінің бір ай бойы жарамды екенін, ал құрамында есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттары бар препараттарға жазылған рецептінің 15 күнтізбелік күнге жарамды екенін атап өтті.

«Егер рецептте көзделген препарат мөлшері дәріханамен толық берілсе, осы рецептіні дәрінің жаңа партиясын алу үшін қайта пайдалану қарастырылмаған», — деп түсіндірді ведомство.

Бұған дейін қазақстандық әйел Алматы дәріханаларында дәрі берудің әртүрлі ережелеріне тап болғанын: кей жерде рецептіні алып қоятынын, кей жерде қайтаратынын, ал кейбірінде тіпті сұрамайтынын шағымданған еді.