Шығыс Қазақстан облысының әкімі өкімімен өңір басшысының бірінші орынбасары болып Дархан Сапанов тағайындалды, деп хабарлайды infohub.kz NUR.KZ-ге сілтеме жасап.
Ведомствоның ресми сайтында хабарлануынша, Дархан Сапанов 1985 жылы 2 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген.
Жоғары білімді бірнеше оқу орнында алған. 2007 жылы Сәрікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетін «өнеркәсіптік жылуэнергетика» мамандығы бойынша инженер біліктілігімен тәмамдаған. 2009 жылы Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін «менеджмент» мамандығы бойынша бітірген. 2022 жылы Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын Doctor of Business Administration (DBA) бағдарламасы бойынша аяқтаған.
Еңбек жолын 2007 жылы бастаған. Әр жылдары Шығыс Қазақстан облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаментінің инспекциялау бөлімінің бас маманы, «Астанаэнергосбыт» ЖШС халықпен жұмыс департаментінің инженері, сондай-ақ ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің Электр энергетикасы және көмір өнеркәсібін дамыту департаментінің сарапшысы болып жұмыс істеген.
2009-2020 жылдар аралығында ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінде әртүрлі лауазымдарды атқарған: бас сарапшы, бас кеңесші, сектор меңгерушісі, бас инспектор және индустриялық-инновациялық даму бөлімі меңгерушісінің орынбасары. 2020-2023 жылдар аралығында ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болған.
2023 жылғы ақпаннан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Мемлекеттік қызметке қосқан үлесі үшін 2018 жылы Дархан Сапанов «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталған.
«Дархан Сапановтың облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалуы – оның мемлекеттік басқару, өнеркәсіпті дамыту және әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асырумен байланысты кәсіби мансабының кезекті кезеңі», – деп атап өтті әкімдікте.
Еске сала кетейік, бұрын ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін Жақсылық Омар атқарған еді. Биыл сәуірде ол алаяқтық және пара алу үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол апелляциялық шағым түсірген, бірақ үкім күшінде қалды. Осыдан кейін өңір басшысы Нұрымбет Сактағанов белгіленген тәртіппен өз отставкасы туралы өтініш білдірген. Қарау нәтижесінде іске қатысы жоқтығы ескеріліп, оны қанағаттандырмау туралы шешім қабылданған.


