Синоптиктер Қазақстанның бірқатар облысында аяз, тұман және жауын-шашынға байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 3 қыркүйекте Қызылорда облысының оңтүстігі мен орталығында шаңды дауыл күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, күндіз екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Аймақта өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Абай облысында түнде және таңертең солтүстік пен орталықта тұман күтіледі. Жел оңтүстік-шығыстан солтүстік-шығысқа ауысады, таңертең және күндіз облыстың оңтүстік-батысында екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Түнде батыс пен шығыста аяз 3 градусқа дейін болжануда.
Шығыс Қазақстан облысында тұман күтіледі, ал түнде солтүстікте, шығыста және таулы аудандарда аяз 5 градусқа дейін жетеді.
Солтүстік Қазақстан облысында түнде батыс пен оңтүстікте жаңбыр жауып, найзағай ойнауы мүмкін. Түнде және таңертең батыста тұман болады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, батыс пен оңтүстікте екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Солтүстік пен шығыста түнде жер бетінде аяз 2 градусқа дейін болжануда.
Павлодар облысында түнде және таңертең оңтүстікте, шығыста және орталықта тұман, түнде оңтүстікте аяз 1 градусқа дейін болжанады.
Қостанай облысында ертең батыста, шығыста және оңтүстікте жаңбыр жауады, күндіз найзағай мен бұршақ түсуі мүмкін. Түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман болады. Солтүстік-батыста өрт қаупі жоғары, ал оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және орталықта төтенше деңгейде сақталады.
Ақтөбе облысында солтүстік-шығыста өрт қаупі жоғары, облыс бойынша төтенше деңгейде сақталады. Маңғыстау облысында 3 қыркүйекте батыс пен солтүстікте төтенше, орталықта жоғары өрт қаупі сақталады.
Батыс Қазақстан облысында төтенше өрт қаупі, солтүстік-батыста жоғары деңгей сақталады.
Алматы облысында күндіз оңтүстікте жаңбыр мен найзағай, таулы аудандарда қысқа мерзімді жаңбыр және найзағай күтіледі. Түнде және таңертең тауда тұман болады. Жел солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа ауысады, күндіз таулы аудандарда екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Орталықта, батыста және шығыста төтенше өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында ертең де төтенше өрт қаупі сақталады.
Ақмола облысында батыста, оңтүстікте және орталықта найзағаймен жаңбыр күтіледі. Түнде және таңертең батыста, солтүстікте және шығыста тұман болады. Түнде шығыста жер бетінде аяз 2 градусқа дейін болжануда.
Жетісу облысының таулы аудандарында жаңбыр мен найзағай, түнде және таңертең тұман күтіледі. Жел солтүстік-шығыстан соғады, шығыста және тауда екпіні секундына 15-20 метрге, Алакөл көлдері ауданында кейде секундына 23-28 метрге жетеді. Облыстың солтүстігінде өрт қаупі жоғары, оңтүстік пен шығыста төтенше деңгейде сақталады.
Қарағанды облысында түнде және таңертең батыс пен солтүстікте тұман болады. Жел солтүстік-шығыстан соғады, оңтүстік-шығыста екпіні секундына 15 метрге дейін жетеді. Түнде шығыста аяз 2 градусқа дейін болжануда. Орталықта жоғары өрт қаупі сақталады.
Ұлытау облысында төтенше өрт қаупі сақталады.


