Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Арал өңірі тұрғындарының денсаулығын қорғауға арналған жаңа бағдарламаны іске қосып отыр. Өңірде медициналық және экологиялық мониторинг күшейтіледі. Мақсат — су мен ауаның сапасына, климатқа және өзге де факторларға байланысты қауіптерді ертерек анықтау, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жол картасын денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуінде, ДДҰ-ның елдегі кеңсесі басшысының қатысуымен таныстырды.
«Экологиялық факторлар адамдардың денсаулығына әсер еткенше күтпей, алдын ала әрекет етуіміз керек. Біз қауіптерді ертерек көріп, аурулардың алдын алып, адамдарға дер кезінде көмек көрсетуіміз қажет», – деді Әлназарова.
Құжатта санитариялық-эпидемиологиялық және медициналық мониторингті күшейту, сондай-ақ су мен ауаның сапасының, климаттық және басқа да факторлардың тұрғындар денсаулығына әсерін талдау үшін ғылыми зерттеулерді дамыту мен цифрлық технологияларды пайдалану жазылған.
Ерекше назар балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге және созылмалы ауруы бар науқастарға аударылады.
«ДДҰ Қазақстанға қоршаған орта мәселелерін қазіргі және болашақ ұрпақтың денсаулығы мүддесінде кешенді түрде шешуге жәрдемдеседі», – деді өз сөзінде ҚР-дағы ДДҰ кеңсесінің басшысы Скендер Сыла.
Жаңа жоспар 2026–2030 жылдарға, яғни бес жылға арналған. Ол осы жылдың сәуірінде Астанада өткен өңірлік экосаммитте қол жеткізілген уағдаластықтардың практикалық жалғасы болғаны атап өтілді.
Еске салайық, сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Аралды құтқару халықаралық қорын құрушы мемлекет басшылары кеңесінің отырысын өткізіп, ынтымақтастықты күшейтуге бағытталған бірқатар бастама ұсынған болатын.


