Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы балалар мен жасөспірімдердегі семіздікті емдеу бойынша жаһандық ұсынымдарын жариялады. 10 жасқа дейінгі балаларға ДДҰ ең алдымен дұрыс тамақтануға, дене белсенділігіне және мінез-құлықтық қолдауға баса назар аударуды ұсынады, деп хабарлайды Reuters, infohub.kz сайтына сілтеме жасап.
Салмақты төмендететін препараттарға келетін болсақ, оларды тек басқа әдістер тиімсіз болғаннан кейін жасөспірімдерге қарастыру ұсынылады. Ал бариатриялық хирургия алты ай бойы емделу нәтиже бермегеннен кейін дене және психикалық жағынан жетілген, ауыр семіздігі бар жасөспірімдерге қарастырылуы мүмкін.
Тағам қауіпсіздігі және тамақтану департаментінің директоры Лус Мария Де Рехиль GLP-1-ге әсер ететін препараттар туралы деректер әлі жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
«Балалар мен жасөспірімдердегі семіздікті емдеудің негізі — медицина немесе хирургиялық араласу емес, дұрыс тамақтануды ұстануға, спортпен айналысуға және мінез-құлықты өзгертуге мүмкіндік беретін қолдауға қол жеткізу», — деп атап өтті ол.
Еске салайық, GLP-1-ге әсер ететін кейбір препараттар балалардағы салмақты төмендету үшін бұрыннан мақұлданған. Мысалы, Wegovy және Saxenda препараттарын АҚШ пен Еуроодақта 12 жас және одан үлкен жасөспірімдер қолдана алады. ЕО-да сондай-ақ Saxenda препаратын 6-11 жас аралығындағы кейбір балаларға сатуға рұқсат етілген.
ДДҰ деректері бойынша, 2024 жылы 5-19 жас аралығындағы 400 млн бала мен жасөспірімнің артық салмағы болған, оның 170 млн-ы семіздіктен зардап шеккен.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстанда 6-9 жас аралығындағы әрбір бесінші баланың артық салмағы бар екенін жазған.


