Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Ресейден обаға қарсы институт қызметкерінің қайтыс болу мән-жайы туралы қосымша ақпарат сұратты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Fox News телеарнасының мәліметінше, ДДҰ Ресейдегі зертхананың екінші қызметкерінің қайтыс болуы туралы деректерді тексеріп жатыр, ал АҚШ та түсініктеме талап етуде.
Атап өтілгендей, ДДҰ тексеруді Ресейде зертхана қызметкерінің өкпе обасын кездейсоқ жұқтыруы мүмкін деген хабарлардан кейін ауыр пневмониядан қайтыс болуына байланысты жүргізуде.
«Ресейдің денсаулық сақтау органдары ДДҰ-ға Иркутск облысында соңғы уақытта оба ауруы тіркелмегенін, ал қайтыс болған адаммен байланыста болғандарды тексеру қауіпті патогендерді анықтамағанын хабарлады. Дегенмен сұрақтар қалып отыр. Қазіргі таңда ДДҰ қызметкердің ауруға шалдығу себептері, санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылдауға қандай қоздырғыш түрткі болғаны, сондай-ақ зертхананың екінші қызметкерінде этиологиясы анықталмаған пневмония дамығаны туралы хабарлар жөнінде қосымша ақпарат сұратып отыр», — делінген жарияланымда.
Еске салайық, бұған дейін БАҚ Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы институт қызметкері оба күдігімен қайтыс болғанын хабарлаған. Марқұм диагностика үшін биоматериал жинаған кезде зертханада қауіпті бактерия салынған пробирканы кездейсоқ сындырған болуы мүмкін деп болжанған.
Сонымен қатар Иркутск облысында 28 жастағы әйелдің өлімі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталған.
Көп ұзамай Денсаулық сақтау министрлігі Ресейдегі аса қауіпті инфекция күдігі туралы ақпараттан кейін Қазақстанда қабылданған шаралар туралы айтты.
Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Ресей Федерациясы мен Еуропа елдері үшін обаның болжамды жағдайына байланысты тәуекелдерді бағалады.


