Қазақстандық автокөлік әуесқойларына жақсы таныс қытайлық Deepal S07 кроссовері Еуропа нарығына жаңа гибрид нұсқасымен шықты. Қуаты 254 а.к. Deepal S07 Ultra PHEV премьерасы Грекиядағы Auto Athina 2026 көрмесінде өтті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Жаңалық тек электр қуатымен 100 км-ге дейін жүре алады, ал бастапқы бағасы 36 мың еуроны құрайды — бұл шамамен 18,4 млн теңге.
Қуат қондырғысы 1,5 литрлік бензин қозғалтқышы мен электр моторын біріктіреді. Олардың жалпы қуаты 190 кВт-қа жетеді, бұл 254 а.к. сәйкес келеді.
Кроссовер сыйымдылығы 18,4 кВт·сағ LFP батареясымен жабдықталған, ол 55 кВт-қа дейінгі тұрақты токпен жылдам қуаттауды қолдайды. Электр қуатымен S07 Ultra PHEV 100 км-ге дейін жүреді, ал жарияланған жалпы жүріс қоры шамамен 1000 км-ге жетеді.
100 км/сағ-қа дейін үдеу 7,9 секунд алады, ең жоғары жылдамдығы — 185 км/сағ. Габариттері 4750×1930×1625 мм, дөңгелек базасы 2900 мм.
Грекияда Deepal S07 Ultra PHEV-тің базалық нұсқасы 36 мың еуроға бағаланды — шамамен 18,4 млн теңге. Қымбат модификациясы 39 мың еуро, яғни шамамен 20 млн теңге тұрады. Автокөрмеде тікелей тапсырыс берген сатып алушыларға 1 мың еуро жеңілдік беріледі.
Қазақстанда гибридті Deepal S07 бұрыннан кең таралған, алайда оны әзірге тек жеке дилерлер импорттап, сатып жатыр. Kolesa.kz платформасына қарағанда, мұндай кроссоверлердің бағасы орта есеппен 11–14,5 млн теңге аралығында.
Осылайша, жаңа еуропалық S07 Қазақстанда сатылып жатқан гибрид нұсқалардан айтарлықтай қымбат болып шықты.
Бұған дейін Курсив Авто Changan Avatr мен Deepal-ды шығындарды қысқарту үшін біріктіргісі келетінін жазған болатын.


