Астанада Ресейден фитосанитарлық талаптарды бұзып әкелінген декоративті өсімдіктер партиясы анықталып, жойылды, деп хабарлайды infohub.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, декоративті өсімдіктерге экспорттаушы елдің карантин және өсімдік қорғау жөніндегі ұлттық ұйымы беретін міндетті фитосанитарлық сертификат болмаған. Осы факті бойынша заңды тұлғаға қатысты өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғалды.
«Фитосанитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жүк иесіне анықталған бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді. Меншік иесі ұсталған өнімді өртеу арқылы жою туралы шешім қабылдады», — деп атап өтті ведомствода. Ауыл шаруашылығы министрлігі белгіленген талаптардың сақталуы ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін қауіпті карантиндік нысандардың әкелінуі мен таралуының алдын алуға бағытталғанын ескертті.


