Жамбыл облыстық соты «Евразия» бұрынғы кинотеатры ғимаратын бөлшектеу шарты бойынша қарыз және тұрақсыздық айыбын өндіру туралы іс бойынша апелляцияны қарады. Нәтижесінде сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, жауапкершілік тек азамат Е.-ге жүктелді, деп хабарлайды infohub.kz.

Іс материалдарына сәйкес, тараптар арасында ғимаратты бөлшектеуге 40 млн теңге тұратын шарт жасалған. Кейін Е. келісілген сомадан тыс 10,4 млн теңге алғанын растап, ақшаны белгіленген мерзімде қайтаруға міндеттеніп, өз қолымен қолхат жазған.

Алайда міндеттеме орындалмады. Осыдан кейін Е. қолхатты алдау арқылы жазғанын айтып, оны жарамсыз деп тануды талап етіп, қарсы талап-арыз берді. Сот қолхаттың ерікті түрде жасалғанын, ал алдау немесе мәжбүрлеу дәлелденбегенін анықтады.

Бастапқыда Жамбыл аудандық соты талап-арызды толығымен қанағаттандырып, қарыз сомасы мен тұрақсыздық айыбын екі жауапкерден де өндіріп, қарсы талап-арызды қабылдамады. Жауапкерлер бұл шешімге шағымданып, апелляцияда азаматтық істер жөніндегі сот алқасы ЖК «Б»-ға қойылған талаптарды қанағаттандырудан бас тартты. Қалған бөлігінде шешім өзгеріссіз қалдырылды: азамат Е.-ден 10,4 млн теңге қарыз және мемлекеттік баж өндірілді. Қарсы талап-арыз түпкілікті қабылданбады.

Сот актілері заңды күшіне енді.