Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова үкіметтегі брифингте қазақстандықтардың шетелден, атап айтқанда Түркия мен Мысырдан дәрі-дәрмек сатып алуы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Журналистер министрдің назарын азаматтардың шетелге сапарларында дәрі-дәрмекті арзандығына байланысты сол жақтан алатынына аударып, Қазақстанда препараттар неге қымбат екенін сұрады.

Ақмарал Әлназарова соңғы үш жылда Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру саясатын қайта қарау бойынша ауқымды жұмыс атқарғанын мәлімдеді.

«Көтерме-бөлшек сауда сегментінде де, бірыңғай дистрибьютор сегментінде де бағалар айтарлықтай төмендеді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Фармация» ӘК-нің жалпы үнемдеу көлемі 23 млрд теңгені құраса, 2024 және 2025 жылдардың қорытындысы бойынша ол 125 млрд теңгеден асты. Бұл — баға қалыптастыруды қайта қараудың нәтижелерінің бірі», — деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда шетелдік дәрі-дәрмектерді тіркеу рәсімдері жеңілдетіліп жатыр. Бұл Түркиядан сапалы препарат шығаратын өндірушілердің қазақстандық нарыққа кедергісіз кіріп, оны толықтыруына мүмкіндік береді.

«Бұл сапаны да, ассортиментті де, бәсекелестікті де қамтамасыз етеді. Бұл жұмыс та жүргізілуде. Дәрі-дәрмекті тіркеуге қажетті барлық шараларды оңтайландыру үшін заңнамалық тұрғыдан елеулі түзетулер енгіздік. Бұрын бұл рәсім 2-ден 5 жылға дейін созылса, бүгінде реттеушілік базасы жоғары елдер үшін іс жүзінде 15 жұмыс күнін, қалған жағдайларда 100 жұмыс күніне дейін алады. Бүгінде нарықта ассортименттің ұлғайғанын көріп отырмыз», — деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Бұған дейін үкіметтегі отырыста Ақмарал Әлназарова осы шаралардың нәтижесінде тіркелген дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың саны өткен жылмен салыстырғанда 1 423 атауға артып, 22 мың атауға жеткенін хабарлаған болатын.