Жоғары аудиторлық палата тексергеннен кейін Денсаулық сақтау министрлігі өзіне қарасты 37 институт, орталық және медициналық жоғары оқу орнының ғылыми тиімділігіне ішкі бағалау жүргізді. Қорытындысы бойынша бір институт ғылыми ұйым мәртебесінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мекемелер патент саны, сілтеме жасалу жиілігі және өз зерттеулерінен табыс табу қабілеті бойынша тексерілді.

Аудит қорытындысы бойынша Б.У. Джарбусынов атындағы Урология ғылыми орталығына төмен көрсеткіштерді түзеу үшін 2026 жылдың соңына дейін уақыт берілді — әйтпесе ол ғылыми ұйым мәртебесінен айырылуы мүмкін.

Трансфузиология орталығының (қан қызметі) мәртебесі сақталды, өйткені ол елдегі жалғыз бейінді орталық, алайда оның қаржылық индикаторлары қайта қаралады.

Жалпы алғанда, барлық ғылыми медициналық мекеме басшыларына гранттармен жұмысты күшейту, патент санын арттыру және өз әзірлемелерін коммерцияландыру тапсырылды.

Енді медициналық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктерін мониторингтеу үшін арнайы цифрлық платформа құрылады.

Жоғары аудиторлық палатаның қалған нұсқамаларының орындалуы бақылауда қалатыны атап өтілді.

Еске салайық, бұл процестің басталуына Жоғары аудиторлық палата 2025 жылы жүргізген мемлекеттік аудит негіз болды. Сонда тексеру қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігіне сала ұйымдарының ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметін жан-жақты талдап, қажет болса шара қолдану тапсырылды.

Бұған дейін «Курсив» Көкшетауда бес қалалық емхана мен стационар көшетін мега-аурухана салынып жатқанын жазған. Жоба 76%-ға дайын, іске қосу 2027 жылы жоспарлануда. Мұнда медицина қызметкерлері үшін 1,5 мың жұмыс орны ашылады.