«Игра престолов» культті сериалындағы Подрик Пейн рөлімен және «Қара айна» жобасымен танымал шотландиялық актер Дэниел Портман Қазақстанның оңтүстік астанасына келді. Ол AGGE Festival 2026 поп-мәдениет фестивалінің басты хедлайнерлерінің бірі атанды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Өнер иесі Қазақстанда бірнеше күн болғанын және осы уақыт ішінде өзін өте жайлы сезінгенін айтты.

«Мен мұнда бірнеше күн болдым және әлемнің ешбір жерінде өзімді бұлайша құрметті қонақ сезінген емеспін. Осы үшін сіздерге рахмет», — деді Портман.

Актер дәстүрлі тағамдарды бағалап, ұлттық деликатестер — бешбармақ, айран, қымыз, құрт және ірімшікті дәм тартты. Оның айтуынша, тағамдар оған аса ұнады, сондай құнарлы түскі асқа отырған соң өзін шынымен күшті сезінген.

Портман сондай-ақ Уильям Шекспирдің шығармасындағы Шотландия королі Макбетті ойнауды армандайтынын айтты. Оның сөзінше, қазір ол осы рөлді жүзеге асыра алатын жасқа жеткен.

Актер «Игра престолов» түсірілімі оған индустриядан тыс адамдар түсінбейтін бірегей тәжірибе сыйлағанын айтты. Осының арқасында актерлер арасында берік достық орнады. Портман Альфи Алленмен (Теон Грейджой), Гвендолин Кристимен (Бриенна Тарт) және Джером Флиннмен (Бронн) жылы қарым-қатынаста.

«Біз барлығымыз мәдени феноменге айналған шоудың бір бөлігі болғанымызға өте бақыттымыз», — деп атап өтті ол.

Актер сондай-ақ «Игра престолов» сериалында қайта тірілткісі келетін кейіпкерді атады. Ол Джейсон Момоа сомдаған Кхал Дрого болды. Портманның пікірінше, Дрого өзіндік «джокер» еді, егер кейіпкер тірі қалса, сериал оқиғалары мүлде басқаша өрбуі мүмкін еді.

Портман «Игра престолов» сериалында Подрик Пейн рөлін 2012 жылдан 2019 жылға дейін сомдады. Оның кейіпкері Тирион Ланнистердің қару ұстаушысы ретінде басталып, уақыт өте сериалдың танымал қосалқы кейіпкерлерінің біріне айналды.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle «Игра в кальмара» және «Королева слёз» сериалдарымен танымал оңтүстіккореялық актер Пак Сон Хунның Алматыға келгенін жазған еді. Ол қала туралы алғашқы әсерлерімен және жергілікті тағамдармен бөлісті.