Стамбулда есірткі мен жезөкшелік ісі бойынша актриса Дениз Чақыр ұсталды. Ол көрерменге «Ғажайып ғасыр» сериалындағы Шах-сұлтан рөлімен танымал. Онымен бірге тағы бірнеше түрік жұлдызы ұсталды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Стамбул прокуратурасы 35 күдіктіні ұстау туралы шешім қабылдады, олардың арасында түрік шоу-бизнесінің жұлдыздары бар. Haberler дерегінше, тізімде әнші Өзжан Дениз, Дениз Чақыр, Эрдал Бозкуш және Жем Каржы тұр. Оған қоса актриса Буржу Өзберк пен Survivor бағдарламасының жүргізушісі Мурат Жейлан да кірді.

Тергеу есірткі заттарын сату, жеткізу, қолдану және сақтаумен ғана шектелмей, жезөкшелік айыптарын да қамтиды. Қазіргі таңда ұстау туралы шешім шыққан 35 күдіктінің 19-ы ұсталды, қалғандарына қатысты іс жүргізу шаралары мен тергеудің өзі жалғасуда.

Бұған дейін Стамбулда есірткі мен жезөкшелікке қатысты болжамды қылмыстар ісі бойынша танымал актерлер мен музыканттарды қоса алғанда 22 адам ұсталғаны хабарланған. Ал қыркүйекте Түркияда танымал актер Арас Булут Ийнемлінің ұсталғаны белгілі болды — ол есірткінің заңсыз айналымы туралы істегі фигуранттардың қатарынан табылды.