Денсаулық сақтау министрлігінің жоспардан тыс тексерулері қорытындысы бойынша Қазақстанда 104 стоматологиялық клиника мен 270 процедуралық кабинет жабылды. Олардың көбі лицензиясыз жұмыс істеп, дәрі-дәрмек сақтау ережелерін бұзған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ведомствоның мәліметінше, 104 стоматологиялық клиника өз еркімен лицензиясын қайтарған, ал 270 процедуралық кабинет те ерікті түрде жұмысын тоқтатқан. Министрлік тек 17 заңсыз стоматологияны мәжбүрлеп жапқан.

Тексеру қорытындысы бойынша «ұятсыз» стоматологиялық клиникаларға жалпы сомасы 100 млн теңге болатын 555-ке жуық айыппұл салынған. Жеке процедуралық кабинеттерден 16 млн теңге өндірілген. «Осылайша, барлығы 116 млн теңгеден астам сомаға 702 әкімшілік жаза қолданылды», — деп нақтылады ведомство.

Ерікті түрде жұмысын тоқтатқан процедуралық кабинеттердің ең көп саны Жамбыл облысында (96 нысан) және Астанада (87 мекеме) тіркелген. Жеке стоматологиялық клиникалар көбінесе Ақтөбе (7 клиника) және Қызылорда (3 клиника) облыстарында жабылған.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, анықталған бұзушылықтар құрылымында басты мәселелер — лицензиясыз қызмет және дәрі-дәрмек сақтау ережелерін бұзу болып отыр. Сондай-ақ білікті кадрлардың және шұғыл көмек көрсетуге арналған дәрі-құралдар жиынтығының жоқтығы тіркелген.

Бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жеке клиникаларды «жаппай жабу» тәсілін сынға алған еді. Оның пікірінше, мұндай шаралар кезектің ұлғаюына және емдеу бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.