Қазақстанда интерндерді даярлау мен жұмысқа орналастыруды жоғары оқу орны, клиника және болашақ дәрігер арасындағы үшжақты келісімшарт жүйесіне көшіру жоспарлануда. Тиісті бұйрық жобасын Денсаулық сақтау министрлігі ашық НҚА порталында жариялады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Құжатқа сәйкес, жаңа тетік мемлекеттік тапсырыстың ашықтығын қамтамасыз етуге, жас мамандарды қолдауға және өңірлердегі медициналық кадрлар тапшылығын жоюға бағытталған. Сонымен қатар, ол жас дәрігерлердің пациенттермен жұмыс істеуге бейімделуіне көмектесуі тиіс.
«Білім беру ұйымы, жұмыс беруші және интерн-дәрігер арасындағы үшжақты келісімшарт тетігі әр тараптың жауапкершілігін алдын ала айқындауға, сапалы оқытуды қамтамасыз етуге, жас маманды жұмысқа орналастыру кезінде қолдау көрсетуге және мемлекеттік тапсырыс бойынша міндеттемелерді тиімді орындауға мүмкіндік береді», – делінген түсіндірмеде.
Бұйрық жобасы сондай-ақ «интерн-дәрігер» ұғымын ресми бекітуді көздейді. Денсаулық сақтау министрлігінің пікірінше, бұл болашақ маманның мәртебесін, оның құқықтары мен міндеттерін нақты айқындауға, сондай-ақ оқу және практикалық даярлық процесін барынша ашық етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі медициналық жоғары оқу орындарындағы орындар саны жергілікті ауруханалар мен емханалардың нақты сұраныстарына қарай есептелетін жаңа қағидаларды дайындаған болатын. Тар мамандардың сыни тапшылығы байқалатын өңірлерге ерекше мән беріледі. Жаңашылдықтың басты мақсаты – мамандар даярлауды жоспарлаудың бірыңғай жүйесін құру екендігі атап өтілді.
Оған дейін «Курсив» Қазақстанда дәрігерлік қателіктерді барынша азайтуға көмектесетін сараптамалық медициналық орталықтар жүйесін енгізу жоспарланып жатқанын жазған болатын.


