Ыстығы ауыз күйдіретін сусындар өңеш обырының қаупін арттыруы мүмкін. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі ескертті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Мамандар Оксфорд университеті ғалымдарының зерттеуіне сілтеме жасайды. Олар миллионға жуық адамның деректерін талдап, сусындардың температурасы маңызды рөл атқаратынын анықтады.

Зерттеу барысында өте ыстық сусындарды ұнататын адамдардың өңештің жалпақ жасушалы обырына шалдығу қаупі жай ғана жылы сусын ішетіндерге қарағанда үш еседен астам жоғары болды.

Сонымен қатар күніне алты және одан да көп шыны ыстық сусын ішу осы обыр түрінің қаупін 71%-ға арттыратыны байқалды.

Зерттеушілер шай мен кофе арасында айтарлықтай айырмашылық таппады.

Ыстық сусындар өңешке қалай әсер етеді

Өңеш — тамақ пен сұйықтық ауыздан асқазанға өтетін бұлшықетті түтік. Оның ішкі беті қорғаныш кілегей қабықпен қапталған.

Ыстығы ауыз күйдіретін сусындарды үнемі ішу осы қабықты зақымдауы мүмкін.

Ыстық шай немесе кофе ішудің өзі адамда обыр пайда болады дегенді білдірмейді. Аурудың дамуына түрлі факторлар әсер етеді, соның ішінде темекі шегу мен алкоголь қолдану.

Сүйікті сусындарды рационнан алып тастаудың қажеті жоқ. Оның орнына шай мен кофені ішер алдында сәл суытып алу керек.

Бұған дейін Kursiv Health асқазан обырының қаупін арттыратын әдет — тойып тамақтану туралы жазған болатын.