Қазақстанда қазан айынан бастап пациенттердің дәрігерге қаншалықты оңай қабылдауға бара алатыны жаппай тексеріледі. Бұл шараға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың адамдар бос кесте болса да учаскелік және бейіндік дәрігерлерге жазыла алмай жатқанына наразылығы себеп болды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Адам поликлиникаға барып, дәрігерге жазыла алмаса, қандай медициналық көмектің қолжетімділігі туралы айтуға болады? Бұл — жергілікті жерде қамтамасыз етілуі тиіс қарапайым дүниелер», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.
Медициналық бақылау комитетінің жетекшісі Лаура Ахметнияздың айтуынша, тексеру пациенттерге өз бетінше қабылдауға жазылу әлі де қиын екенін көрсетті. Поликлиникалардағы дәрігерлердің жұмыс кестесі жасалғанымен, терапевтер мен тар мамандарға бос жазылу іс жүзінде жиі жабық немесе қолжетімсіз болып шығады.
«Мәселе тек кестенің болуында емес, пациенттің өз бетінше қабылдауға жазылу мүмкіндігінде. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға ұсынымдар жіберіледі», — деді Ахметнияз.
Айта кетейік, келесі айдан бастап поликлиникалардағы дәрігерге жазылу жағдайы аптасына екі рет бақыланады.
Өз кезегінде Әлназарова өңірлердің денсаулық сақтау басқармаларына бұл мәселені тұрақты бақылауға алуды тапсырды. Ол денсаулық сақтау жүйесі қазақстандықтарға онлайн да, офлайн да қолжетімді болуы керектігін атап өтті.
«Дәрігерге жазылу мүмкіндігі — бұл жергілікті жердегі бүкіл денсаулық сақтау жүйесінің күнделікті жұмысы», — деді министр.
Тамыз айының соңында «Курсив» бірнеше жыл қатарынан төмен нәтиже көрсетіп келе жатқан поликлиникаларды қаржыландыру тәсілдері қайта қаралатынын жазған болатын.


