Қазақстанда дәрі-дәрмектің мемлекеттік бағасын реттеу ережелері қайта қаралып, дәріхана сөрелеріндегі баға арзандады: шекті баға 3 801 дәрі атауына, яғни жалпы тізімнің 76%-ына төмендетілді. 2025 жылы орта есеппен 26,5%-ға арзандаса, 2026 жылы да дәрі бағасының төмендеуі тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 947 дәрілік препараттың бағасы өзгеріссіз қалды, ал тізім 246 жаңа атаумен толықты.

Ағымдағы жылға келсек, 2026 жылдың басынан бері көтерме және бөлшек саудаға арналған 2055 дәрінің жаңа бағасы бекітілді. Осы кезеңде баға 16%-ға төмендеді.

Арзандау тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында берілетін препараттарға да қатысты. Мұнда 1 397 сауда атауы бойынша, яғни 47,8%-ға бағаның төмендеуі тіркелді.

Сондай-ақ ТМККК және МӘМС аясында дәрілік заттардың халықаралық патенттелмеген атауларына шекті бағалар қайта қаралды. 453 позиция бойынша баға төмендеді.

Фармация комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіповтің айтуынша, бұл нәтижелер шекті бағаны қалыптастыру тәсілдерін қайта қараумен байланысты.

«Бүгінде өндіруші мәлімдеген құн құжатпен расталып, референтті елдердегі бағалармен салыстырылады. Бұл ретте үш ең төмен бағаның орташа мәні пайдаланылып, деректер халықаралық көздердегі ақпаратпен қосымша расталады. Мұндай тәсіл дәрінің мәлімделген құнын неғұрлым объективті бағалауға және шекті бағаны қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді Жүсіпов.

Қазіргі таңда Қазақстанның референттік себетіне Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Венгрия, Қырғызстан, Польша, Ресей Федерациясы, Словения, Түркия және Өзбекстан кіреді.

Бұған дейін «Курсив» қазақстандық дәріханаларда 589 фармпрепараттың бағасы төмендегенін жазған болатын. Ең көп арзандағаны – антибиотиктер, сондай-ақ жүрек-қан тамырлары және асқазан-ішек ауруларына қарсы дәрілер.