Қазақстанда миы өлгені расталған жағдайда ғана кәмелетке толған азаматтар орган доноры бола алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі (ОКҚ) брифингте Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz.
Елімізде қайтыс болғаннан кейінгі донорлар тек 18 жастан асқан адамдар бола алады, балалар донорлығы жүргізілмейді. Денсаулық сақтау министрлігінің Трансплантацияны үйлестіру және жоғары технологиялық медициналық қызметтер республикалық орталығының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, қазір күту парағында 4739 пациент бар, оның 125-і — балалар.
«Бізде балалардан ағза алу жоқ, донорлар тек 18 жастан асқан адамдар бола алады және бір ғана диагноз — «Ми өлімі» деген диагноз қатар жүреді. Басқа диагноздар бойынша қайтыс болғаннан кейінгі донорлық қарастырылмайды», — деді Айдар Ситказинов.
Оның айтуынша, ең көп пациент бүйрек трансплантациясына мұқтаж — мұндай отаны 4208 адам күтіп отыр. Сонымен қатар, бауыр ауыстыруды 293 пациент, жүректі 208, өкпені 30, ал «жүрек-өкпе» кешенін 5 пациент күтуде.
Спикер қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім немесе бас тартуды ресімдеуге қазақстандықтар eGov порталы арқылы мүмкіндігі бар екенін еске салды. Қазіргі уақытта бұл мүмкіндікті 172 283 адам пайдаланған. Оның 156 174-і бас тартқан, ал 16 109-ы қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Сонымен қатар, медициналық ұйымдар қайтыс болған адамның туыстарынан да келісім сұрайды. Егер отбасы қарсы болса, ағзаларды алу жүргізілмейді.
Айдар Ситказинов тірі кезіндегі келісім болса да, дәрігерлер қайтыс болған адамның туыстарына жүгінетінін атап өтті. Егер отбасы қарсы болса, ағзаларды алу жүргізілмейді.


