Қазақстан мен Қырғызстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің «Акерке» жаңа әні 30 шілдеде Жапонияның Kiryu FM радиосында тұңғыш рет орындалады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлады.
Әншінің шығармашылығына арналған Music Forever бағдарламасының арнайы шығарылымы жапондық Dimash Japan Fan Club фан-клубының қатысуымен дайындалды. Эфирде «Акерке»-ден бөлек, Love’s Not Over Yet, Kieli Meken, Love of Tired Swans, Daididau, Omir және Olimpico композициялары шырқалады.
Kiryu FM радиосы 2020 жылдан бері жапондық тыңдармандарды Димаштың музыкасымен таныстырып, оның барлық жаңа туындыларын тұрақты түрде эфирге қосып келеді. Music Forever бағдарламасы Гумма префектурасындағы Кирю қаласынан таратылады, оны Казудзи Като мен Кёко Ямамото жүргізеді. Эфирлер айына екі рет — әр айдың бірінші және үшінші бейсенбісінде жапон уақытымен 19:06-дан 19:59-ға дейін (Астана уақытымен 15:06-дан 15:59-ға дейін) өтеді, келесі күні қайталанады.
Бұған дейін Димаштың әпкесі Раушан жаңа әнге арналған челленджге қосылды: «Акерке» әніне билеп, әлеуметтік желіге жариялау керек. Ең көп қаралым жинаған бейнероликтің авторы әншінің келесі клипіне түседі.


