Қарағандыдағы Кеншілер күніне арналған үлкен концертте өнер көрсеткен әлемге әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасына барды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сапар барысында әнші кәсіпорынның жұмысымен танысып, жер астына 700 метр тереңдікке түсіп, персоналдың орналасуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін позициялау жүйесінің жұмысын көрді.
«Қарағандыдағы Кеншілер күніне арналған үлкен концерттен кейін (шамамен 250 мың адам жиналды) Qarmet компаниясының Костенко атындағы шахтасында болдым. Жер астына 700 метр тереңдікке түсіп, шахтерлердің қандай жағдайда жұмыс істейтінін, бұл қаншалықты қиын әрі жауапты еңбек екенін өз көзіммен көрдім. Маған шахтаның жұмысын, адамдардың жер астындағы орнын бақылауға мүмкіндік беретін заманауи қауіпсіздік және позициялау жүйелерін көрсетті. Шахталардың жаңғырып жатқаны қуантады. Бірақ ең бастысы — шахтерлермен жүздесіп, оларды кәсіби мерекемен құттықтау мүмкіндігі болды. Бұл мамандық иелеріне зор құрмет. Сіздердің еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық! Кеншілер күні құтты болсын! Мықты денсаулық, амандық және қауіпсіз ауысымдар тілеймін! Рахмет, Qarmet!» — деді әнші.
Әнші үшін бұл сапар заманауи жер асты өндірісі мен қауіпсіздік технологияларын ғана емес, сонымен қатар жүздеген метр тереңдікте күн сайын еңбек ететін адамдардың еңбегін көруге мүмкіндік болды.
Костенко атындағы шахтаға бару шахтерлік еңбекке және Қарағанды өңірінің көмір саласының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін адамдарға деген құрметтің тағы бір белгісі болды.


