Димаш Құдайбергеннің Чилидегі алғашқы жеке концерті 24 қарашада Сантьяго қаласында DIMENSIONS әлемдік туры аясында өтіп, Чили астанасының ең үлкен концерт алаңдарының бірін толығымен жинады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бірнеше мыңдық көрермен әншіні қатты қошеметтеп, жанкүйерлер сүйікті әртісінің есімін ұрандата айтты. Шоу бір тыныспен өтті: көрермендер ән айтып, билеп, әртіс айтқан әрбір сөзге белсенді жауап берді, ал сол кеште сахна мен залдың біртұтас атмосферасы ерекше сезілді.

Бағдарламада Димаштың өз шығармаларымен қатар белгілі композиторлардың туындылары да шырқалды. Көрермен қазақ тіліндегі әндерді асыға күтті — әртіс халық әуендерін заманауи музыкалық өңдеумен ұсынды.

Чилилік жанкүйерлер флешмоб ұйымдастырды: The Story of One Sky атты авторлық ән орындалғанда мыңдаған адам бейбітшілікті, жақсылықты және бірлікті білдіретін ақ туларды көтерді. Концерттегі осы әсерлі сәтті Димаштың анасы әлеуметтік желіде жариялады.

Әртіс жанкүйерлеріне сөз арнап, қолдауы мен жылы қарсы алуы үшін алғыс айтты. «Қымбатты достар! Сіздердің алдарыңызда өнер көрсетіп, мен өте мақтаныш пен толқу үстіндемін. Сіздер бізді үлкен отбасыдай қабылдайсыздар. Рахмет сіздерге!» — деді ол.

Көрермен әртіске сахнадан ұзақ уақыт кетуге мүмкіндік бермеді. «Мұны көру мен тыңдау шынымен де тұрарлық еді: біздің Ди эйфорияда, ал көрермен барлық уақытта керемет қолдау көрсетті!», «Біздің әртісіміз үшін шексіз мақтаныш! Чилидің басты аренасын алғашқы концерттен-ақ бағындыру — нағыз триумф! Браво, Димаш!», «Бұл керемет болды», — деп бөліседі әсерлерімен Димаштың жанкүйерлері.

Димаштың келесі концерті 1 желтоқсанда Перуде өтеді.