Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген биылғы қыста Перудегі жанкүйерлерін қуантады. Жаңа әлемдік гастрольдік тур «DiMENSIONS» аясында әртіс Лимада жеке концерт өткізеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Димаштың Instagram парақшасында жарияланған анонста айтылғандай, көрермендерді керемет музыкаға, таңғажайып визуалды безендіруге және ұмытылмас эмоцияларға толы ғаламат бағдарлама күтіп тұр. Концерт 1 желтоқсанда Перу астанасында өтеді.
«Димашпен бірге дыбыс пен жарықтың мүлдем жаңа өлшемін ашуға дайын болыңыз!» — делінген афишада.
Әртіс жанкүйерлері пікірлерінде қуаныштарын білдіріп жатыр: «Ақыры! Перуге қош келдің, Димаш!», «Керемет жаңалық. Құрметті Перу тұрғындарын құттықтаймын. Димаш, сені барлық жерде күтеді!», «Күн Латын Америкасына жарқырайды, барлық концерттеріңде аншлаг тілеймін», «Аргентина да сені күтеді!», «Перу әйелдері, сендерге қандай бақыт бұйырды!».
Бұған дейін Димаштың жаңа әлемдік туры жанкүйерлерге оны жеке тұлға ретінде тануға мүмкіндік беретіні хабарланған болатын.


