Disney студиясы актер Маколей Калкинмен «Жалғыз үй» франшизасына оралу туралы келіссөз жүргізіп жатыр. Журналист әрі инсайдер Мэтт Беллонидің мәліметінше, компания өкілдері әртіспен кездесіп, оның жаңа жобаға қатысуын талқылаған, деп хабарлайды infohub.kz.
Беллонидің айтуынша, Disney Кевин Маккалистер рөлін қайта жандандыруға мүдделі және Калкиннің жалғасына түсуге келісімінің орнына оның басқа бастамаларын қолдауға дайын. Журналист студияда фильмге «өте жақсы идея» бар екенін, бұл ақпаратты компания ішіндегі бірнеше дереккөз растайтынын айтады.
Disney ресми түрде «Жалғыз үйдің» жаңа бөлімін жариялаған жоқ және келіссөздер туралы қауесеттерге түсініктеме бермейді.
Бұған дейін Калкин Кевинді қайта ойнау мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын. 2025 жылы актер өз кейіпкерін жалғыз бала тәрбиелеп отырған ересек ер адам ретінде елестететінін айтқан. Оның ойынша, бір күні Кевиннің өз ұлы оны үйден қуып шығады, бұл түпнұсқа фильмнің сюжетін қайталайды.
Еске салайық, Калкин бұған дейін қарт адамдарға күтім жасайтын Home Instead компаниясының «Үйде, бірақ жалғыз емес» жарнамалық науқанында Кевин Маккалистердің бейнесін сомдаған еді.


