Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Джон Коркоран: оқу білмеген мұғалім

Өзінің сауатсыз екенін жасырып, 17 жыл бойы Штаттарда мұғалім болып жұмыс істеген адамның тарихы.

Джон Коркоран ес білгелі сауат ашудан қиналған. Сөздердегі әріптердің орындары ауысып, дауыстылар мен дауыссыздар оның миына еш қонбайтын. Мектепте ол тас сияқты үнсіз, қозғалмай отыратын, барынша көрінбеуге тырысатын. Ол көптің бірі болмайтынына сенімді еді.

Біреу келіп оны құшағына алып: «Қорықпа, мен саған көмектесемін» демейінше оның өмірі басқаша өрбитін еді. Бірақ өткен ғасырдың 50-ші жылдары ешкім дислексия жайлы білмеген болатын. Жеті жасар Джонни мұғалімдерге символдарды логикалық жүйелілікпен орналастыратын сол жақ ми жартышарында ақау барын түсіндіре алмайтын. Екінші сыныпта оны нашар оқитындардың қатарына жатқызды. Үшінші сыныпта оқымағаны үшін мұғалім жаза түрінде сыныптастарына шыбық беріп, әрқайсына Джонның аяғынан ұруға рұқсат берген. Оны әрдайым мұғалімдер жазалап, сыныптан сыныпқа ауыстыратын.

«Есімде, 8 жасымда мен Құдайдан сұрайтынмын: «Ертең, менің оқитын кезегім келгенде, оқи алатындай болсам ғой» - деп. Ал сыныпта көрінбеуге тырысатынмын, алайда мұғалім мені көріп: «Джонни, оқы» деген кезінде мен уақыт созып тұрып алатынмын», - дейді Коркоран.

Кейін, сауатсыздығын жасыру үшін Коркоран тәртіп бұза бастайды. Бесінші сыныптан жетінші сыныпқа дейін оны әрдайым мектептен қуып, сабақтан шығарып жіберетін болған. «Мұғалімдер менде оқумен емес, эмоционалдық, психологиялық және мінез-құлықтық проблемалар бар деп есептеді», - дейді ол.

Түрлі айлакерлік жолдармен ол 1956 жылы мектепті бітіріп, аттестат алады. «Біреулердің жұмыстарын тапсырып, керек адамдармен сөйлесіп отырдым, түлектермен әңгімелестім. Тесттерді ұрлап, достарымнан мен үшін тапсырма орындап берулерін өтіндім. Мен жазылған нәрсені түсінбейтінмін, бірақ мен жүйені, адамдарды түсіндім» - дейді Коркоран. Кейінен ол баскетболды жақсы ойнайтыны анықталды, сондықтан жоғарғы сыныптарда оның оқи алып-алмайтыны ешкімді қызықтырған жоқ. Джон Коркоран мектепті бітіріп, колледжге түседі. Онда оны спорттық шәкіртақы мен баскетбол командасы күтіп тұрған еді.

Колледжде оқу Джон үшін күнделікті айла табумен өтті. Ол қай мұғалім эссе жазуға тапсырма беретінін, тек белгі қоясалу үшін кімнің тест өткізетінін анықтайтын. Әрдайым дәптеріне лекция жазып жүргендей сынай танытатын, ал кейін ешкім оның жаза алмайтынын біліп қоймауы үшін парақтарды жыртып тастайтын. Бөлмелес көршісі кітап оқи алмайтынын біліп қоймас үшін оқулықты ашып қойып бетіне қарап отыратын болған. Кейін ол ұйқысыздық ауруына шалдығады. Егер Құдай оған диплом алуға көмектессе, 30 күн бойы таңғы мессеге барып отырамын деп өзіне уәде берген. Осылайша ол «ағылшын тілінің мұғалімі» мамандығы бойынша диплом алады. Мектеп мұғалімдері жетіспегендіктен, Джон Коркоран не оқи алмайтын, не жаза алмайтын мұғалім болып шығады.

Күнделікті сыныптағы біреуге кітапты дауыстап оқуға, оқушыларды түгендеп шығуға, тақтаға жазуға тапсырма беріп отырған. Оқушыларға тексеруге мүмкіндігі бар қарапайым тесттерді ұсынған. Біртіндеп ода күйзеліс басталған, ұйқысыздық қалыпты дүниеге айналған. Ол түрлі мектептерде 17 жыл жұмыс істеген.

«Мен жазбаша сөздері жоқ, ауызша және көзбен көруге болатын орта қалыптастырдым. Әр сыныпта жазатын және оқитын екі-үш көмекшім болды», - дейді ол.

Өткенді есіне ала отырып, Коркоран былай дейді: «Мұғалім ретінде оқи алмайтынымды ойласам, жүрегім ауыратын. Бұл ұят тірлік болатын, мен үшін, елім үшін, мектеп үшін».

1965 жылы Джон Кэйтилинді кездестіреді, кейін оған үйленеді. Ол қалыңдығына ғана құпиясын ашып айтты. «Мен саған бірдеңе айтуым керек, — дейді ол оған той алдында. — Мен оқи алмаймын». Бірақ ол оған сенген жоқ, ол мұғалім еді ғой. Бәлкім, ол кітап оқығанды жақсы көрмейтін болар? «Махаббат көрсоқыр ғана емес, тас керең екен ғой» — дейді Джон. Кэйтилин жылдар өткен соң ғана қателескенін түсінді: Джон бір жарым жасар қызына балалар кітабын оқи алмай отырғанын байқайды. Бірге өмір сүрген кезеңдердің барлығында әйелі Джон үшін құжаттар толтырып, хаттар жазатын болған... Ол неге оның сауатын ашуға ұмтылмады? Себебі Джон оған ешкімнің көмектесе алмайтынына сенімді болған.

Джон 28 жасқа толғанда, қарызға ақша сұрап, кішігірім үй сатып алып, оны жөндеп, жалға беретін болды. Ал кейін тағы бір үйді сатып алып, жөндеп, тағы жалға берді. Кәсібі алға басты. Джон девелопер болды. Ол мектептен шығып кетіп, хатшы, заңгер мен есепші жалдайды. Бірде ол өзінің миллионер атанғанын біледі. Тамаша! Егер сен бай болсаң, «өзіңе қарай» деп жазылып тұрған есікті итеріп жатқаныңа ешкім назар аудармайды.

Алайда 1982 жылы Джон кедергілерге тап болады. Үйлер бос тұрды, инвесторлар ақшаларын қайтарып алды. Үстелде банктің қарызын жабу туралы өтініштер мен сотқа шағымдар үйіліп жатты. Ол банкирлерден несие өтеу мерзімін ұзартуды сұрады, құрылысшыларды жұмыстарын жалғастыра беруін өтінді және жұмыс үстелінің үстіндегі қағаз пирамидаларымен не істесем деп басы қатты. Көп ұзамай соттың алдында тұрып, «Мистер Коркоран, сіз не, оқи алмайсыз ба?» — деген сұраққа жауап беруге мәжбүр болатынын білген еді. 1986 жылдың күзінде Джон 48-ге толды, қарыздарынан құтылу үшін ол өз үйін кепілдікке қойып, қалалық кітапханаға барды. Онда оқу үйірмесі бар еді. Ол үйірмені жүргізетін әйелге жақындап: «Мен оқи алмаймын» — дейді де, жылап жібереді.

65 жастағы Элеанора Кондит оның жаттықтырушысы болды. Фонетикалық әдісті пайдалана отырып, өте баяу және сабырлы күйде ол оны сауаттылыққа үйрете бастайды. Бір жылдан кейін Джонның кәсібі тіріле бастайды, ал ол оған дейін оқуды біршама үйренеді. Ол қолына түскеннің бәрін оқитын болды: кітаптар, журналдар, газеттер... Көлік айдап келе жатып жолда кезіккен барлық маңдайшадағы жазуларды оқитын болды, тіпті әйелін де шаршатып жіберді. Ол оқудан құдды бір ән айтқан сияқты ләззат алды. Ұйқысы реттелді. Бірде ол 25 жыл бұрын істеуі керек дүниені енді істеудің уақыты келді дейді. Ол шатырдан шаң басқан қорапты тауып алып, сарғайған хаттардың бумасын алып, әйелінің қыз кезінде оған жазған хаттарын оқиды.

Келесі қадам көпшілік алдында мойындау болды. Сан-Диегода өткен конференцияда, жүздеген бизнесменнің алдында, Джон Коркоранкәсіпті оқи да, жаза да алмай жүргізгенін мойындады.

Қазірде Коркоран сауаттылық идеясын жақтаушы. «Менің ойымша Америкадағы сауатсыздық — бұл балаларды елемеу мен оларға қатыгездікпен қараудың бір формасы», — дейді ол.

Ол сауатсыздықпен күресу қалалық кеңесінің мүшесі атанды және екі кітап жазды: «Оқи алмайтын мұғалім» және «Сауаттылыққа жол». Сонымен қатар, Калифорния мен Колорадо штаттарында сауатсыздарды оқытумен айналысатын қор құрды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама