Біріккен Корольдіктің бұрынғы қаржы министрі Джордж Осборн Еуропалық Одақтың кеден одағына қайта қосылуды ұсынды. Оның пайымынша, бұл қадам ел экономикасын түзеудің ең жылдам жолы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ол референдум кезінде Дэвид Кэмеронның кабинетінде жұмыс істеген, кейін қаржы министрі қызметінен кеткен. Осборнның айтуынша, Еуропалық Одақпен байланысты қалпына келтірудің маңызы зор.

«Брексит — нағыз былық болды. Британия іс жүзінде жартастан құлап кетті. Бұл британ экономикасына орасан зиян тигізді. Ел бұрынғыға қарағанда анық кедейленді», — деді ол The Independent басылымына берген сұхбатында.

Брексит референдумынан кейін он жыл өткенде Еуропалық Одаққа қайта кіру қиын болатынын мойындаған Осборн Еуропамен жақындасу экономиканы серпілте алады деп есептейді.

«Мен кеден одағына қайта кірер едім. Бұл — өте қарапайым іс. Ол брексит туралы пікірталастың бөлігі болған емес. Одан шығып жатқанымызды ешкім білген жоқ, ал бұл саудаға күйрете әсер етті», — деді ол.

Оның сөзінше, брексит жақтастары кеден одағында болмауымыздың себебі — Америкамен жасалатын ауқымды сауда келісімдері деп түсіндірген. «Қазір оның бәрі қиял-ғажайып болып көрінеді», — деп қосты ол.

«Адамдар қазір Британияның өсу мәселесін қарастырғанда, «Құрлықпен сауданы қалай жандандырамыз, инвестицияны қалай тартамыз?» деп ойланбай қоя алмайтынын түсінді», — деді Осборн.

Ол Энди Бернэмнің орнында болса, кеден одағына қайта кіруден неге бас тартарын түсінбейтінін жеткізді. «Бұл — айтарлықтай айқын шешім, өйткені ішкі нарыққа (қайта кіруден) өзгеше, ол адамдардың еркін жүріп-тұруын қабылдауды талап етпейді. Ал қазіргі Британияда бұл мәселені халыққа түсіндіру өте күрделі», — деді ол.