«Додо Пицца» өзінің IT-инфрақұрылымына жасалған кибератаканы ресми түрде растады. Нәтижесінде қаскөйлер клиенттердің бір бөлігінің жеке деректеріне қол жеткізген болуы мүмкін. Бұл туралы компания өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.

Компанияның хабарламасында былай делінген: «Достар, кеше және бүгін біздің IT-жүйемізге кибератака жасалды. Ақпараттық қауіпсіздік тобы мұндай жағдайдың қайталанбауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. Ал қазір клиенттеріміздің бір бөлігінің қандай деректері қолжетімді болуы мүмкін екенін ашық айтқымыз келеді: аты-жөні, мекенжайлары, email, телефондары, туған күндері, тапсырыс құрамы».

Сонымен қатар «Додо Пицца» клиенттердің төлем деректері шабуылға ұшыраған жүйеде сақталмайтынын, сондықтан олар хакерлердің қолына түспегенін мәлімдеді. «Төлем деректерін біз сақтамаймыз – олар қауіпсіз», – деді компанияда.

Болған оқиға туралы Роскомнадзорға хабарланды. «Додо Пицца» мәліметінше, қаскөйлердің жүйеге қолжетімділігі бұғатталған, ішкі тексеру жалғасуда. Клиенттерді қорғау шараларының бірі – аккаунттардан мәжбүрлі шығу болды.

DATASUCKERS хакерлік тобы «Додо Пиццаның» шамамен 68 миллион клиенті туралы 2-3 терабайт ақпаратты, соның ішінде әртүрлі елдердегі пайдаланушылардың деректері мен тапсырыс тарихын ұрлағанын мәлімдеп отыр. Бұл сандарға тәуелсіз растау әзірге жоқ, ал компанияның өзі зардап шеккендердің нақты санын жариялаған жоқ.

«Додо Пицца» Қазақстандағы пайдаланушылардың деректері зардап шекті ме, жоқ па – оны нақтыламады. Алайда хакерлер желі бар барлық елдердегі клиенттер туралы ақпарат алғанын мәлімдеп отыр.

Blue Screen сервисі «Додо Пиццаның» қазақстандық пайдаланушыларына компания атынан келетін қоңырауларға, хаттар мен хабарламаларға ерекше сақ болуды ұсынады. «Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз, SMS-кодтар мен банк картасының деректерін хабарламаңыз, ал аккаунт құпиясөзін ауыстырған жөн, әсіресе ол басқа сервистерде де қолданылса», – деп кеңес береді мамандар.

Төлем деректері болмаса да, аты-жөні, телефоны, email, мекенжайы және бұрынғы тапсырыстары туралы ақпарат сенімді фишинг үшін пайдаланылуы мүмкін, деп атап өтті сервис.

Dodo.Brands халықаралық желісі әлемнің 26 елінде, соның ішінде Қазақстан мен Ресейде 1300-ден астам пиццерия мен кофехананы біріктіреді.