Қазақстандық қаржы сарапшыларының бағалауынша, 2027 жылы доллардың орташа бағамы 489,8 теңге болмақ, ал 2028 жылы американдық валюта 500 теңге межесінен асып, орта есеппен 510,4 теңгеге жетуі мүмкін. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі қараша айының ортасында жүргізген макроэкономикалық сауалнама қорытындысы көрсетіп отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Сауалнамаға ел экономикасының болашағы жөнінде болжамдарын білдірген сарапшылар мен нарықтың кәсіби қатысушылары қатысты. Талдаушылар ұлттық валюта бағамы бойынша алдағы үш жылға арналған күтулерін жақсартты: олардың пікірінше, 2026 жылы доллардың орташа бағамы 472 теңге деңгейінде қалыптасса, 2027 жылы 489,8 теңге болады. Бір ай бұрын сарапшылар 2027 жылы долларды 499,6 теңгеден күткен еді.

Алдағы екі жылға арналған инфляция болжамдары да төмендетілді. Респонденттердің бағалауынша, 2026 жылы ол 9,1%-ды құраса, 2027 жылы 8%-ға, ал 2028 жылы 7%-ға төмендейді. Бес жылдық кезеңде инфляция сарапшылардың пікірінше, мақсатты деңгейге жақын болып, 5,1%-ды құрайды.

Сарапшылар базалық мөлшерлеме бойынша болжамдарын айтарлықтай өзгертпеді. Қазір ол 15,75% деңгейінде белгіленген. Талдаушылардың бағалауынша, 2026 жылдың соңында көрсеткіш 15,8% болса, 2027 жылы 13,4%-ға төмендеп, 2028 жылы 10,8% болмақ.

Экономикалық өсімге келер болсақ, 2026 жылға арналған жалпы ішкі өнімнің өсу болжамы 4,8%-дан 4,6%-ға төмендетілді. 2027 жылға күтулер 4,7% деңгейінде сақталды, ал 2028 жылға 4,4%-дан 4,5%-ға көтерілді.

Талдаушылардың Brent маркалы мұнай бағасына қатысты медианалық күтулері былайша көрінеді: 2026 жылы 93,3 доллар, 2027 жылы 80 доллар және 2028 жылы 75 доллар.

Айта кетейік, әдетте мұндай болжамдарда сарапшылардың жауаптары арасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Алайда бұл жолы Ұлттық банк көптеген макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша қысқа мерзімді болжамдардың ауқымы біршама тарылғанын атап өтті, бұл респонденттердің жауаптарында бірізділік артқанын көрсетеді.