Дос іздеген бота
Ерте, ерте, ертеде боталы түйе болыпты. Ол өзінің жібек жүнді сүйкімді баласына мейірімділікті, адалдықты үйретіпті. Мөлдір көзді бота өте ақылды болып өседі.
Бір күні анасы: - Боташым, мен саған жақсы достан басқасының бәрін бердім. Енді тура өзің сияқты дос тап. Доссыз өмір қиын, әрі қызық емес, - дейді.
Бота өзіне ұқсайтын жалт - жұлт еткен жүні бар, жағымды үні бар дос іздеп шығады.
Жайылып жүрген құлынды көріп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін,- деп бота боздайды. - Иһ - һ - һі, кел, екеуміз дос болайық,- деп құлын кісінейді. - Жоқ, сен сияқты дос емес, - дейді бота күлімдеп. - Мүмкін бұзау болар,- деп құлын ботаны шығарып салады.
Бота бұзауға келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін,- деп бота боздайды. - Мө - ө - ө, кел, екеуміз дос болайық - деп бұзау мөңірейді. - Жоқ, сен сияқты дос емес, - дейді бота. - Мүмкін қозы болар, - деп бұзау ботаны шығарып салады.
Бота қозыға келеді: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Мә - ә - ә, кел, екеуміз дос болайық – деп қозы маңырайды. - Жоқ сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін күшік болар, - деп қозы ботаны шығарып салады.
Бота күшікке келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Әуп - әуп, кел, екеуміз дос болайық – деп күшік үреді. - Жоқ сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін мысық болар, - деп күшік ботаны шығарып салады.
Бота мысыққа келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Мияу - мияу, кел, екеуміз дос болайық – деп мысық мияулайды. - Жоқ, сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін әтеш болар, - деп мысық ботаны шығарып салады.
Бота әтешке келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Ку - ка - ре - ку! Кел екеуміз дос болайық – деп әтеш айғайлайды. - Жоқ, сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін қарға болар,- деп әтеш ботаны шығарып салады.
Бота қарғаға келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Қа – а – рр, қа - а - рр, екеуміз дос болайық – деп қарға қарқылдайды, - Жоқ, сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін бақа болар, - деп қарға ботаны шығарып салады.
Бота бақаға келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - Бақ - бақ, кел, екеуміз дос болайық – деп бақа бақылдайды. - Жоқ, сен сияқты дос емес – дейді бота күлімдеп. - Мүмкін ара болар, - деп бақа ботаны шығарып салады.
Бота араға келіп: - Бө - ө - ө, мен дос іздеп жүрмін, - деп боздайды. - З – з - з - зз, кел, екеуміз дос болайық – деп ара ызылдап қуа жөнеледі. Бота арадан зорға қашып құтылады. Басы салбырап, ерні салпиып бота өз анасына келеді. Анасы: - Дос таптың ба, ботам? – деп сұрайды. - Жоқ, анашым, сенбесеңіз көктегі күннен сұраңыз. Тура мен сияқты ешкім жоқ екен, - дейді. Анасы жымиып: - Өзің сияқты дегенім, адалдығыңды айтқаным, боташым. Досты жан тазалығымен таңдау керек, - дейді. Бота қуанып, адал достары: құлынды, бұзауды, қозыны, күшікті, мысықты, әтешті, қарғаны, бақаны ертіп келіпті. Ал, араны сабырсыздығы үшін қоспаған екен дейді.
Ертегілер еліне саяхат, ертегілер жинағы
Дос іздеген бота слайд жүктеу