Дубайдан Тель-Авивке бағыт алған жолаушы ұшағы басып алынуы мүмкін деген дабыл берді. Ақпарат қазір тексеріліп жатыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

The Times of Israel басылымының мәліметінше, әуе кемесі Сауд Арабиясы үстінен бұрылыс жасау кезінде апаттық жағдай туралы сигнал жіберген. Рейстерді бақылау деректеріне сәйкес, әуелде Fly Dubai әуекомпаниясының ұшағы төтенше жағдайды білдіретін 7700 кодын берген. Көп ұзамай ол ұшақтың ұрлануын немесе заңсыз араласуды білдіретін 7500 кодын жіберді.

Қауіпсіздік қызметтеріндегі дереккөздердің ақпараты бойынша, Израиль Әскери-әуе күштерінің истребительдері ұшаққа қарай көкке көтерілген. Израильдік бұқаралық ақпарат құралдары премьер-министр мен қорғаныс министрі шұғыл кеңес өткізіп жатқанын хабарлайды.

SHOT деректеріне сенсек, басып алынуы мүмкін деген дабылды Boeing 737 жолаушы ұшағы берген. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, ұшақ бортында 180 адам бар, оның 150-і израильдіктер. Baza басылымының жазуынша, ұшақ апаттық сигнал беруді тоқтатып, енді байланысқа шықпай тұр.

РБК басылымы Ynet-ке сілтеме жасап, бортында 174 жолаушы, оның ішінде 27 бала болуы мүмкін екенін хабарлайды. Қауіпсіздік қызметтерінің өкілі ұшақтың ұрлануы туралы нақты ақпарат әзірге жоқ екенін нақтылады.