Дубай билігі эмират тұрғындарына кез келген елден, оның ішінде Қазақстаннан туристер шақырғаны үшін сыйақы төлеу бағдарламасын іске қосты. "Дубайға шақыру" бағдарламасы әрбір шақырылған қонақ үшін шамамен 815 доллар көлемінде сыйақы пакетін қарастырады, деп хабарлайды infohub.kz.
"Ведомости" басылымының мәліметінше, Дубай экономика және туризм департаменті (DET) бағдарламаның басталғанын хабарлады. Түсіндірілгендей, "бастама шарттары бойынша, 18 жастан асқан, Emirates ID-сі бар тұрғындар достары немесе туыстары туралы мәліметтерді олар келгенге дейін онлайн-форма арқылы тіркейді. Қонақтар Дубайға 2026 жылғы 20 шілде мен 31 қазан аралығында әуе, теңіз немесе автомобиль көлігімен келуі керек, сондай-ақ қолданыстағы туристік визасы немесе келген кезде виза алу құқығы болуы тиіс".
Келуші келгеннен кейін жүйе оның келгенін автоматты түрде растайды, ал 72 сағат ішінде тұрғын сыйақы пакеті бар электрондық хат алады. Әрбір номиналды пакет шамамен 815 долларға (380 мың теңгеден астам) бағаланады. Бағдарлама визаларды ресімдеумен айналыспайды – бұл міндет қонақтардың өздеріне жүктеледі. Бастама тұрғындарды Дубай туралы әсерлерімен бөлісуге ынталандыру және сонымен бірге оларды қаланы жақындары арасында насихаттағаны үшін марапаттауға арналған.
Euronews хабарлауынша, эмират тұрғындары достары мен туыстарын шақыра отырып, "қонақүйлерде тұру, мейрамханаларда кешкі ас, ойын-сауық билеттері және тағы басқа бонустар ала алады". Атап айтқанда, Meliá Desert Palm қонақүйінде тұруға 45 пайыздық жеңілдік, Aquaventure аквапаркіне және IMG Worlds of Adventure саябағына тегін билеттер, сондай-ақ ULA, Asia Asia және The 305 мейрамханаларында "екінің бағасына бір" акциялары қолжетімді. БАӘ-де жаз мезгілі дәстүрлі түрде жоғары температураға байланысты туризм үшін төмен маусым саналатыны айтылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Air Astana Ормуз бұғазы мен аймақтағы жағдайдың нашарлауына байланысты Дубайға рейстерін 31 тамызға дейін тоқтатқан болатын.


