Венгриядағы аномальды ыстық пен құрғақшылық Дунайдың рекордтық деңгейде тартылуына әкелді: Будапеште су деңгейі 23 сантиметрге дейін төмендеді, бұл 2018 жылғы алдыңғы антирекордтан 10 сантиметрге төмен. Өзеннің суы соншалықты тартылған, кейбір арна учаскелерінде велосипедпен жүруге болады, ал таяз жерлерден тарихи артефактілер табылуда, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Венгрия велоклубының төрағасы Габор Дежё Кюрти Будапешттен Вац қаласына дейін 30 шақырымнан астам жолды әдетте су астында болатын учаскелермен жүріп өтті. Бұл тартылудың ең ерекше салдарының бірі болды.
Вишеград қаласының маңында құрғаған таяз жерден дөңгелек пішінді тас ядро табылды. Археологтардың болжамынша, бұл Вишеград бекінісін қоршау кезінде қолданылған ортағасырлық катапультаның снаряды болуы мүмкін. Бұл нұсқа расталса, артефактінің жасы бірнеше жүз жылдан екі мың жылға дейін жетуі мүмкін.
Бұған дейін Дунайдың құрғаған арнасынан Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі батып кеткен кеме де табылған болатын.
Еуропалық Copernicus бағдарламасының спутниктік суреттері өзеннің бір жыл ішінде қаншалықты өзгергенін көрсетеді: 2025 жылдың шілдесімен салыстырғанда иірімдерде кең құмды жағалаулар пайда болып, кеме жүзуіне кедергі келтіруде. Кейбір учаскелерде жүк және жолаушы кемелері енді өте алмайды, ал Будапеште өзен көлігіне шектеулер енгізілді.
Венгрия билігі құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай режимін жариялады. Елдің қоршаған ортаны қорғау министрлігінің мәліметінше, су тапшылығы аймақтардың төрттен үш бөлігінде байқалады. Синоптиктер алдағы екі аптада жаңбыр күтпейді, ал ауа температурасы 39 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Бұған дейін Венгрия 44 жыл ішінде алғаш рет елдегі жалғыз атом электр станциясы «Пакш» жұмысын уақытша тоқтататыны хабарланған болатын. Себебі Дунай суының рекордтық төмендеуі — станция реакторларды салқындату үшін осы суды пайдаланады.


