Америкалық кофехана және пончик желісі Dunkin’ қазақстандық нарықтан кеткен соң 10 жыл өткенде Алматыға қайта оралды. Қала тұрғындары Қонаев пен Гоголь көшелерінің қиылысында жаңа мекеменің дайындығы жүріп жатқан жерде брендтің маңдайшасын байқап қойған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Нүктенің қашан ашылатыны және Алматы мен Қазақстанның басқа қалаларында қанша мекеме пайда болатыны әзірге белгісіз. Желі мәзірінде кофе, пончик және басқа да нан өнімдері бар. Айта кетейік, 2019 жылы бренд атауындағы Donuts деген сөзден бас тартып, қысқартылған Dunkin’ нұсқасына көшті.

Forbes Kazakhstan атап өткендей, желі алматылықтарға бұрыннан таныс. Шамамен 10 жыл бұрын Dunkin’ пончиктері «Рамстор» супермаркеттерінде сатылатын. 2015 жылы Алматыда жеткізу қызметін іске қосуға әрекет те жасалған, алайда сол кезде желінің қалада өз мекемелері болмаған. Кейін өнім қазақстандық нарықтан жоғалып кетті.

Бренд тарихы 1948 жылы Массачусетс штатының Куинси қаласында Open Kettle деген шағын мекемеден басталған. Оның негізін қалаушы Уильям Розенберг өз кафесінде ең сұранысқа ие тағамдар пончик пен кофе екенін байқап, 1950 жылы мекеменің атауын Dunkin’ Donuts деп өзгерткен. Уақыт өте бренд әлемдегі ең танымал америкалық жылдам тамақтану желілерінің біріне айналды. Компания дерегінше, ол бүкіл әлемде жылына шамамен 2 млрд кесе кофе сатады.

Бұған дейін «Курсив» еуропалықтар Алматы маңында 2027 жылға қарай пончик зауытын салатынын жазған.