Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дұрыс тамақтану көз саулығына сеп

Қоршаған әлем туралы ақпараттың 90 пайызын біз көру ағзаларының көмегімен аламыз. Кәсіби міндеттерімізді атқарғанда ғана емес, демалған кезімізде де көру ағзаларымызға үлкен жүктеме түседі. Қазіргі заманда көптеген адамдардың мамандығы компьютермен байланысты және осыған орай көз дәрігерлеріне «компьютерлік синдроммен» келетін науқастар саны жылдан-жылға артып келеді. Ал жұмыстан қайтып, үйге келгенде тағы да теледидар экранынан көз алмаймыз. Тіпті ең заманауи деген экранның өзі біздің көзімізге зиян екендігі белгілі. Сөйтіп көзіміз күні бойы тынықпайды. Сондықтан көздің көру қабілетін сақтау жалпы адамзатқа ортақ мәселе. Көру қабілетін сақтауда тағам өнімдерінің маңызы зор. Демек күнделікті дәмге толыққанды, әртүрлі, сіңімді және өзара үйлесетін тағам пайдалану керек. Офтальмологтар, яғни көз дәрігерлері А, В1, В2, В6, В12, Е, С дәрумендеріне бай тағамдарды көп тұтынуға кеңес береді. А дәрумені жетіспегенде науқастар тез шаршағыштыққа, жарықтан қорқуға, кешқұрым көздің көруінің нашарлауына, конъюнктивиттердің, теріскендердің жиі пайда болуына шағымданады. А дәрумені сәбізде, салат жапырақтарында, көк бұршақта, пиязда, сүзбеде көп. Сәбізде каротин – А провитамині мол, ол көзді тамаша қоректендіреді, кез-келген жаста алыстан көрудің нашарлауына жол бермеуге көмектеседі.

Ақжелкен (петрушка) шырыны аса пайдалы, оны конъюнктивит, катаракта, көздің мүйізгек қабығының ойық жарасы кезінде, торша тамырларын нығайту үшін қолданған жөн. В1, В2, В6, В12 дәрумендерінің тапшылығы мынадай белгілермен білінеді: жас аққыштық, көздің күйдіріп ауруы, қышуы, ішінде құм бар секілді сезілуі, жарық сезудің бұзылуы, қылтамырлардың қанауы, көзді жиі жыпылықтату, заттардың бұлдырап көрінуі.

В1 дәрумені жаңғақтарда, жүгеріде, бидайда, сыра ашытқысында, В2 дәрумені салат жапырақтарында, алмада, бидай дәнінде болады. Орамжапырақ, жұмыртқаның сары уызы, балық секілді өнімдердегі негізгі дәрумен – В6. Ал В12 дәрумені жүзім, шабдалы, кивиде мол, сондай-ақ кептірілген өрік те пайдалы.

Сүт пен сүт өнімдері – Е дәруменінің қоры. Бұл дәруменнің жетіспеушілігі торша қылтамырларының әлсіздігіне алып келеді. С дәруменінің мол көзі – итмұрын. Итмұрынды күнде жеген жағдайда адамның қан тамырлары берік және созылғыш болады. Қаражидектің де емдік касиеттері кеңінен танымал. Ол көрудің жалпы жағдайына жағымды әсер етеді.

Әртүрлі көз сырқаттары бар адамдарға жылына бір рет балық майын, сондай-ақ түрлі микроэлементтерге, әсіресе кальцийге бай поливитаминдер ішуге кеңес беріледі. Жанарының саулығын сақтауға әр адамның мүмкіндігі бар. Ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алған әлдеқайда жеңіл екендігі әлімсақтан белгілі.

Г.К.Абилова, көз дәрігері


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама