Dyson компаниясы жаңа CameraJet тіс щеткасын сатылымға шыққаннан кейін бірнеше апта өтпей жатып сатылымнан алып тастады. Себебі — сатып алушылардың шағымдары, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, шамамен 500 доллар (шамамен 221 мың теңге) тұратын құрылғы судан істен шыққан, алайда өндіруші ылғалдан қорғаныс бар деп мәлімдеген.

Щетка қыркүйек айының басында сатылымға шықты. CameraJet ерекше жаңалық болуы тиіс еді. Оған камера мен ирригатор орнатылып, корпусы IPX7 стандарты бойынша судан қорғалған.

Бірақ сатылым басталғаннан кейін келесі күні пайдаланушылар ақауларға шағымдана бастады. Су батарея бөліміне кіріп, құрылғы қосылғаннан кейін 30 секунд ішінде жұмысын тоқтатты.

Иелері сонымен қатар қуаттау кезінде қызып кетуге және контактілердің тотығуына шағымданды. Сатылым Францияда, АҚШ-та, Ұлыбританияда, Сингапурда және Австралияда шұғыл тоқтатылды.

Компания мәлімдеуінше, мәселе құрылғылардың аз бөлігіне ғана қатысты, ал тауарлардың сөрелерден жоғалуын жоғары сұраныс пен жеткізілімнің жетіспеушілігімен түсіндірді.

Ақаулардың нақты себебі әзірге белгісіз. iFixit компаниясының сарапшысы Кайл Винс мәселе корпустың герметизациясына немесе құрылғыны судан қорғау үшін қолданылатын желімге байланысты болуы мүмкін деп болжады.

Dyson үшін бұл ауыр соққы, өйткені жаңалықты алты жыл бойы әзірлеп, оған қырыққа жуық патент алған. Щеткалар қашан қайта сатылымға түсетіні және оны сатып алған адамдардың ақшасы не болатыны белгісіз.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle Meta Connect таныстырылымында техногигант болашақ құрылғылардың толық экосистемасын ұсынғанын жазған. Компания басты назарды Muse жасанды интеллектін дамытуға және технологияларды қоғам үшін қолайлы әрі қауіпсіз етуге аударды.