Канадада туған әнші-композитор Джони Митчелл АҚШ азаматтығын алды. Ол бұл елге 1960-жылдардың ортасында көшіп барған еді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

82 жастағы әнші Instagram парақшасында азаматтық рәсімінің бейнежазбасын жариялап, АҚШ туының жанында түскен суретін қосты. Жазбаның астына «62 жыл бұрын басталған сапар» деп жазды.

Енді Митчелл АҚШ сайлауында дауыс бере алады. Бұған дейін ол мұндай мүмкіндігі жоқ екеніне наразылық білдіріп жүрген.

2024 жылы концертінде Митчелл YG орындаған рэп әніне сілтеме жасап: «Дональд Трампқа қарсымын, бұл әнді жақсы көремін», — деген. Сосын: «Дауыс бергім келеді... мен канадалықпын. Мен де сол жаман иммигранттардың бірімін», — деп қосқан.

Митчелл 1943 жылы Альберта провинциясының Форт-Маклауд қаласында дүниеге келген. Кейін отбасымен Саскачеван провинциясының Саскатун қаласына қоныстанды. Алғашқы концерттерін сондағы фолк-клубтарда өткізді, кейін Калгари мен Торонтоға барды. Торонтода ол америкалық фолк әншісі Чак Митчеллмен танысып, 1965 жылы неке қиды да, АҚШ-қа көшті. Неке екі жылдан кейін бұзылды, бірақ сол уақытқа дейін Митчелл АҚШ-тың жанды фолк-музыка сахнасында өзіндік үні бар, әуезді орындаушы ретінде танылып үлгерген.

1968 жылы тұңғыш альбомын шығарды. Көп ұзамай сол альбомнан түскен қаламақыға Лос-Анджелестегі Лорел-Каньонға көшіп, алғашқы «алтын» атанған «Ladies of the Canyon» альбомын жазды. Ол Калифорнияда тұрақтап, қазір Санта-Барбарада тұрады.

Митчеллдің соңғы студиялық альбомы — 2007 жылы жарық көрген «Shine». Одан кейін ол бірнеше жыл көпшілік көзінен тасада болды: 2015 жылы ми аневризмасын бастан кешіріп, ұзақ емделуден өтті. Алайда 2022 жылы Ньюпорт фолк-фестивалінде алдын ала хабарланбаған қойылыммен сахнаға қайта оралды. Содан бері бірнеше жұлдызды құраммен «Joni Jam» концерттерін өткізіп жүр.

Ол туралы көркем фильм түсіруге режиссер Кэмерон Кроу кірісті, жұмысты 2020-жылдардың басында бастаған. Биыл музыкалық продюсер Клайв Дэвис бір кеште Митчелл рөлін Мерил Стрип сомдайтынын мәлімдеді.