2026 жылғы 22 шілдеден бастап Еуразиялық экономикалық одақ пен Моңғолия арасындағы Уақытша сауда келісімі күшіне енді. Осыған байланысты сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін декларациялау мен жеңілдіктерді қолдануды жеңілдететін жаңа кеден кодтары енгізілді. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Еуразиялық экономикалық комиссияның хабарлауынша, Моңғолиядан немесе ЕАЭО-ке мүше мемлекеттерден шығарылған және келісім аясында Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарларды кедендік декларациялау кезінде жаңа «МЕ» коды қарастырылған.

«Сонымен қатар, EAM нысанындағы тауардың шығу тегі туралы сертификаттың мәліметтерін көрсету үшін арнайы «06022» коды енгізіледі», — деп нақтылады ЕЭК.

Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасы тиісті шешімді 2026 жылғы 21 шілдеде қабылдады. Алайда құжат ресми жарияланғаннан кейін 30 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

«Шешім күшіне енгенге дейін сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар қолданыстағы кодтарды пайдалануды жалғастыруы қажет», — деп ескертті ЕЭК.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, кеден баждарын төлеу бойынша жеңілдіктерді көрсету үшін «ТИ» коды қолданылады. Бұл код 1.1-тармақшада аталмаған өзге преференцияларға арналған. Тауардың шығу тегін растайтын құжат ретінде уақытша «06999» кодын көрсету қажет. Бұл код өнімнің шығу тегіне қатысты өзге құжаттарға арналған.

Еуразиялық экономикалық комиссияда жаңа кодтарды енгізу сыртқы сауда операцияларының есебін жеңілдетуге, тауарларды рәсімдеуді ашық әрі түсінікті етуге, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың қаржылық және әкімшілік шығындарын азайтуға көмектесетінін атап өтеді.

Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық одақтың, оған мүше мемлекеттердің және Моңғолияның арасындағы Уақытша сауда келісімі 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде қол қойылған болатын. Құжат тауарлардың кең тізбесі бойынша кеден баждарын өзара төмендетуді немесе жоюды көздейді және тараптар арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.