Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғандар саны 7 мыңнан асты, ал инфекция елдің тағы бір провинциясына тарады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Соңғы деректерге қарағанда, ауру жеті провинцияда 7 022 адамда расталды. Індеттен 3 398 науқас қаза тапты.
Бундибугйо вирусынан туындаған қазіргі індет Конго тарихындағы ең ауқымды әрі ең қауіпті індетке айналды. Ол 2018–2020 жылдардағы эпидемиядан асып түсіп, әлемде көлемі жағынан екінші орынға шықты.
Ең ауқымды індет 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған. Онда Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 28,6 мыңнан астам адам жұқтырып, 11 мыңнан астам науқас қаза тапты.
Эболаның жаңа жағдайы Конгоның солтүстік-батысындағы Оңтүстік Убанги провинциясында — инфекция тараған ошақтан алыс жерде анықталды. Бұл аумақ Конго Республикасымен және Орталық Африка Республикасымен шектеседі.
Бундибугйо вирусы сейсенбіде қаза тапқан 23 жастағы ер адамнан табылды. Ол 10 шілдеде елдің шығысындағы Оңтүстік Киву провинциясынан шығып, біраз уақыт шетелде болған, кейін Конгога оралып, Оңтүстік Убангиге келгені анықталды.
«Қазіргі таңда Оңтүстік Убанги провинциясындағы алғашқы расталған жағдай бойынша байланыста болғандарды анықтау жұмыстары жүргізілуде», — делінген Конго қоғамдық денсаулық сақтау институтының есебінде.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұған дейін Эболаның таралуын тоқтатуға білікті медиктердің, жедел серіктестердің және қаржыландырудың жетіспеуі кедергі келтіретінін ескерткен. Індет географиясы кеңейген сайын мәселелер ушыға түсуде.
Бұған дейін «Курсив» Эбола эпидемиясымен күресу үшін 5 мың медицина қызметкері жетіспейтінін жазған.


