Қазақстандықтар енді eGov Mobile мобильді қосымшасының бір бөлімінен полицияға оқиға туралы хабарлай алады, жеке деректердің ықтимал таралуын тексере алады, кредиттер мен микрокредиттерден бас тарта алады, сондай-ақ бірқатар анықтама алып, әкімшілік айыппұлдарды тексере алады. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.

Жаңартылған сервис eGov Mobile қосымшасында пайда болды. Енді ол қауіпсіздік, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқық қорғау қызметіне қатысты сервистер жинақталған бірыңғай цифрлық витрина ретінде жұмыс істейді.

«Заң және тәртіп» бөлімінде қазақстандықтарға бірнеше практикалық цифрлық сервис қолжетімді.

Полицияға хабарлау. «102» сервисі арқылы оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы және полицияның араласуын қажет ететін басқа да жағдайлар туралы өтініш жіберуге болады.

Жеке деректердің таралғанын тексеру. Ол үшін Nomad Guard сервисі арналған. Ол жеке деректердің ықтимал таралу фактілерін тексеруге мүмкіндік береді.

Тауар таңбалауын тексеру. Naqty Onim сервисі тауарлардың таңбалауы туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді.

Жаңа кредиттерді рәсімдеуден қорғану. Бөлімде кредиттер мен микрокредиттерден бас тарту сервисі де қолжетімді.

Сонымен қатар қазақстандықтар құқық қорғау саласындағы ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтерді ала алады. Атап айтқанда, бөлім арқылы соттылығының бар-жоғы туралы анықтама алуға, шетелге шығуға тыйым салынғанын тексеруге, адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәлімет алуға, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдарды тауып, төлеуге болады.

Жеке блок Қазақстан Бас прокуратурасының цифрлық сервистері мен ақпараттық материалдарына арналған. Онда, атап айтқанда, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу сервисі, құқық бұзушылық туралы өтініштің тіркелуін тексеру құралы және құқықтық статистика материалдары қолжетімді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ деректеріне сәйкес, сервис 2025 жылдың маусымында іске қосылғаннан бері оны шамамен 1,4 млн рет пайдаланған.

«ҰАТ» АҚ командасы цифрлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді жетілдіру бойынша тұрақты жұмыс істеп, оларды азаматтардың қажеттіліктеріне сай ыңғайлы әрі қолжетімді етіп келеді», — деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Бұған дейін eGov-та шұғыл ауруханаға жатқызу туралы хабарлама сервисі іске қосылған болатын.