Түркістан облысында қос қайғылы оқиға болды: екі бауыр Сырдария өзенінде суға батып кетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға үш күн бұрын Сауран ауданында болған. 24 және 28 жастағы жігіттер тыйым салынған жерде шомылған. Алдымен кішісі суға бата бастаған, үлкені оған көмекке ұмтылған, ақыры екеуі де қаза тапқан. Олардың денелерін ұзақ уақыт таба алмаған.

Іздестіру жұмыстарын Түркістан облысы мен Шымкент қаласының құтқарушылары, полиция қызметкерлері мен туыстары жүргізді. Бауырларды күндіз-түні су асты техникасы мен дрондардың көмегімен іздеді. Алдымен 24 жастағы жігіттің денесі табылды, оны ағыс 6 шақырымға алып кеткен. Кейін оның үлкен ағасының денесі де табылды.

«09:45-те Түркістан облысы ТЖД жедел-құтқару жасағы оқиға орнынан 30 шақырым қашықтықта дене тапты. Құрметті Түркістан облысының тұрғындары мен қонақтары, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтаңыздар, жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылмаңыздар», — деп ескертті Түркістан облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Оразгелді Дүйсен.