Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Екі үкім

Ауылда өлім-жітім бола қалса, салт атты екі бала көшенің екі жағынан әр үйдің тұсына тоқтап: "Жаназаға барыңдар! Жаназаға барыңдар! Жаназаға барыңдар!" деп айқайлап өтеді. Осыдан аза бойым тік тұрады. Әлгі шабармандар тірілерді мәйіт ұзатуға емес, тап қабірге шақырғандай. Ойлап қарасаң, шынында да солай-ау.

Mезгілі жетсе, жұрттың бәрі де сонда шақырылып, солай қарай ұзатылмақ.

Таң сәрідегі елең-алаңда бірін-бірі өкшелей қуып, көше бойлап айқайлаған екі бала тасырлата шауып өтті.

— Үкімге барыңдар! Үкімге барыңдар! Үкімге барыңдар!

— Тағы да біреу сорлап қалғаны ма, тәйір-ау? — деп қынжылды шайдан соң дастарқан жинап жүрген Кіші шешем.

— Үкімге шақырып жатыр, Кіші апа, кооперативтің бастығы Сәмиғұллаға үкім шығарылады, жұрттың қыруар ақшасын қымқырған көрінеді. Жамағат соты болады дейді. Кеше Ташболат ауылнай қанын ішіне тартып, сазарып отыр еді, — деді кенже ағам Салих жаңалықты жеткізгенше асығып-аптығып. Бірдеңе айта бастаса, тұтығып, алқынып қалады да, түк түсінбейсің.

— Ау, жұрт сонша ақшаны қайдан тапқан? — деді Үлкен шешем.

Ең үлкен ағам Мұртаза бәрінен хабардар екен, табанда түсіндіріп берді:

— Бүкіл ауылға шөп шабатын, астық бастыратын машина аламыз деп күздің күні үй сайын қаражат жинаған еді ғой. Бізден де алған. Әне, сол ақша.

— Әй, сорлы-ай! Нәпсі құрғыр пендеге не істетпейді? — деп күрсінді Үлкен шешем. Неге екенін қайдам, әкем ләм-мим тіл қатпады. Ойға шомып отыр. Жұрттың еңсесін зілдей тыныштық басты. Әлгі "Үкімге барыңдар!" деген дауыс терезеден саңқ етті де, қайтып шықпады, үйде қалықтап қалды, құлағымызда жаңғырып тұрғандай әлі.

— Сәмиғүлланың ақшаға көзі қызыққаны ғой коммуниспін дегені құрысын, адам баласына сенім қалмады! — деп күйінді Мұртаза ағам, — қарына тартпағанның қары сынсын деген рас-ау.

— Осыдан біреуің Өрт алаңына аяқ басатын болсаңдар, менен мейірім күтпеңдер! Сендерге адамның ақ-қарасын айыру әлі ерте, — деді әкем. Тіпті сұқ саусағын шошайтып, қорқытып қойды. Ол бұрын-соңды бауырларымның бетіне бұлайша тым қатты келмейтін. Артынша сәл жұмсара түсті: — маған көк айғырды арбаға жегіп беріңдерші, Тимофейге барып қайтайын. Сендер қоян қағуға шықсаңдаршы. Қарды қарашы, нағыз қансонар ғой.

Әкемнің даусы қатқыл шыққанына таңданған ағаларым бір-біріне жалтақ-жалтақ қарап, сасып қалды.

— Жарайды, әке, қоян қағуға шығамыз, — деді Мұртаза ағам тұнжырай түсіп.

Сөйтті де, егде еркектер шаруа қамына тұс-тұсқа тарап кетті. Біраздан соң әлгі екі бала үйдің тұсынан тағы да айқайлап өтті:

— Үкімге барыңдар, Өрт алаңына! Үкімге барыңдар, Өрт алаңына!

Талай тамашаны көргенім бар: киноны да, талай күлдіргі қуақыны да, ат бәйгені де білем. Бірақ "үкім" дегенді көрмегем. Көруім керек.

Өрт алаңы Мешіт көшесінің жоғарысындағы дөңнің басында. Алаңға жиналған жұрт ығы-жығы, көбісі қаба сақал кексе кісілер, атайлар. ЬІлғи майда бала көшенің арғы жағындағы биік аққаланың үстінде отырмыз. Бізді алаңға жібермей, қуып салған.

— Бала-шағаны әрі қуыңдар, көрмесін мынаны! — деп шырылдады бір шая

— Қарасын, көрсін, сабақ болар! — деді беті ісіңкі кісі.

— Ғибрат алсын! — деді екіншісі.

— Сәбилерді қайтарып жіберіңдер, тамаша көрсетіліп жатқан жоқ қой мұнда!

— Қандай тамаша көрсетілетінін кім білсін. Халық абыр-сабыр үймелеп, алаң құж-құж қайнап жатыр. Байпағымен қарды сықырлата басып, алаңға Төменгі көшеден Ташболат ауылнай мен түрі бөтен екі адам шықты. Ташболат тапал, қаттырақ аттаған сайын қара тонының шалғайы жерге сүйретіліп барады. Әкесінің, я ағасының тоны болар, шамасы. Ол келген соң жұрт тына қалды.

— Иә, қайтеміз, жамағат? — деді Ташболат ешкімнің бетіне қарай алмай жалтарып, — ұры алдарыңда, үкім қолдарыңда, ел ағалары.

Жұрт не айтарын білмей, сәл абыржып қалғанда Ташболаттың алдына бойшаң, соқталдай мығым денелі Сұлу Мәрәһим шықты. Біздің көшеде тұратын. Мәрәһимді, анығырақ айтқанда — Ілияс азаншының жесіріне теліп қойған. Мәрәһим кешкілік көшеге шығып, есік алдына отырып, сырнайын құлаштап, құйқылжыта толғап жіберсе, бүкіл ауыл ұйып тыңдайтын. "Мұңайып отыр-ау, байғұс, — дейтін Үлкен шешем, — қанша жыл өтті, жүрек, шіркін, тыпыршып, тулайды ғой, әлдекімдерді аңсайтын шығар-ау. Нағыз гүл атып, құлпырған шағы босқа өтіп бара жатқан соң, қайтсін..."

"Сұлу мен серінің бағы жанбас" деген рас қой. Кірпігі де ұзын. Ұзын кірпікті кісінің өмірі қысқа болады деген бар. Содан ба, жұрт Сұлу Мәрәһимді аяп, бәйек болады. Міне, қазір бойы оқтаудай Ташболаттың алдына ентелеп, көлденең тұра қалған сол.

— Құрдас, — деді ол ақырын ғана, — Сәмиғүлланың кінәсі ауыр. Қоғамның ақшасын өзі ұрлады ма, өзге ұрлады ма, ол жағын айту қиын, тек түсініп тұрғанымыз: әйтеуір, ақша жоғалған. Тиісті жазасын алар. Тек оны өкіметке тапсырып, әділ сотқа тарту керек, мұқият тексеріп, қара қылды қақ жарған ақиқатты айтсын.

Ташболаттың зығырданы қайнап, өткір көздері жұрттың өңменінен өтіп кете жаздады.

Өкіметке! Өкіметке тапсырғаны несі, өкіметтің мүлкін ұрлап па ол сондай-ақ! Сендердің табан ет, маңдай теріңмен тапқандарыңды ұрлап, қоғам мүлкіне, мына біздің ақ адал дүниемізге қол салды ғой! Тәні де, жаны да өздеріңнің қолдарыңда, жамағат! Дұрыс айтып тұрмын ба?!

— Дұрыс, дұрыс! — деп шуласа бас шұлғыды жұрт.

— Жегенін құстыру керек, обырдың! — деді манағы ісік бет жуан.

— Тіпті коммуна болып, халықты азғырғанын айтсаңшы, ібілістің! Тозаққа түскір! Қайда өзі? Нені күтіп тұрмыз осы? — деп тықыршыды біреу.

— Халықтың алдына алып шығыңдар! Жауап берсін! — деді екіншісі.

Ат төбеліндей топ долдана, күжілдей өшігіп айқай салды. Сол сәт Ташболат:

— Ей, куәлар! Ұрыны алып шығыңдар! — деп әмір етті.

Сұлу басы салбырап Мәрәһим алаңнан шықты. Артына бір жалт қарап, сәл кібіртіктегені болмаса, кідірген жоқ.

Біреулер Сәмиғұлланы абақтыдан айдап шықты. Үстінде жалбыраған келте тон, аяғында аппақ шұлық пен ақ шабата. Неге екенін қайдам, басында бөркі жоқ. Бұйра қара шашының бір уысы ширатылып, маңдайына түсіп түр, беті күл секілді сұп-сұр... Қолдарын арқасына қайырып, шынтағына дейін арқанмен шырмап тастаған. Арқанның бір ұшы қылмыстының қапталында келе жатқан кісінің қолында. Базарға сатуға айдаған сиырдай дедектете, сүйреп келеді.

— Мына жерге, биікке шығарыңдар, ел алдына тартыңдар, — деп бұйырды Ташболат, бір қапталы қарға тірелген арбаны көрсетіп. Сәмиғұлланы сонда мінгізді. Алаң жым-жырт. Тіпті аяқ астындағы қар да сықырламай қалды. Қыламықтап жауған ұлпа қардың жапалақтаған ұшқындары ауада ағараңдап, шыр көбелек айналады... Жерге де, топырласқан жұрттың төбесіне де түспей, тек тұтқынның темен иілген дудар басындағы қара шаштарға қонатын сияқты олар. Енді біраз тұрса, басы аппақ боп кететін тәрізді. Сәмиғұлланың сол жағында, сәл әріректегі ауылкеңестің шатырында қызыл жалау желбіреп түр. Үңіле қарасаң, жалау жақындай түсіп, жаныңа келгендей. Адам үнсіз. Жалау желбіреп, әлдеқайда жұлқынғандай. Екеуінің ту сыртынан нөсер төгетін сұр аспанның бір шеті мұнарта көрінеді.

— Көз көрмеген, құлақ естімеген сұмдық бұл! — деп шырылдады тағы да әлгі заржақ шал, — елге ұят, ерге ұят, дінге ұят, бәрімізді ұятқа қалдырды бұл қара бет! — деп Сәмиғұлла жаққа қолын сілтеді.

Оны басқа дауыстар да қостады.

— Баламыздың аузынан жырып, тірнектеп жинаған дүниеміз еді! Қайда құрттың? Жауап бер!

— Ақ адал маңдай терімен тапқанбыз! Тамағыңа көлденең тұрып қалсын, ұятсыз!

— Төлесін! Көптікін көпке төлесін!

— Маңдай терімізге қан аламыз! Қан! Сәмиғұлла ақырын басын көтерді. Алаңды ұзақ шолып етті. Дабыра тағы басыла берді. Сәмиғұлла басын жоғары көтеріп, екі рет жөтеліп алды.

— Ауылдастар, — деді ол қалтыраған ұяң дауыспен, — алдарыңда өте ұяттымын. Ақ адал маңдай термен тапқан ақшаларың менің қолымда болатын, қапылыста қағып кетті. Бірақ оз басым соқыр тиын пайда көргем жоқ содан.

— Пайда көрмегенің қалай? Сонда қыруар ақшаға аяқ бітіп, қыбырлап жүріп кеткені ме?

— Ұрлаттым. Кеңседегі темір сандықты кілтпен ашып, ұрлап кетіпті.

— Қашан алған?

— Анығын білмеймін.

— Өтірік! Алдайды.

— О дүниеде ақталарсың!

— Қарауыл қайда қалған?

— Өзім ұрлағаным жоқ, ағалар, інілер! Дегенмен, айып менде. Өмір бойғы еңбек ақымды төлесем де тауып берем.

— Битіңді төлеймісің, жалаң аяқ қу кедей?

— Өмір бойы кісінің ала жібін аттаған жоқпын, ақшаны алмасам да төлеймін.

— Бұған дейін дүние түгіл, маңдайына қыршаңқы тай бітпеген сорлы!

— Ақшаның құнына қанын берсін, — деп жалаңдады әлгі қанқұмар.

Жұрт одан сайын дуылдасты.

— Өзіміз жазаға тартайық! Өзімізше соттайық! Басқаларға сабақ болсын!

Әбден делебесі қозып, желігіп алған топ ақ-қараны айыра алатын хәлде емес, жұдырықтарын, таяқтарын, шоқпарларын көтеріп, арбаға лап қойды. Осы тұста бір жақтан Талпақ Тәліп шыға келді. Ол дереу арбаға секіріп мінді.

— Жамағат! деп айқай салды ол бүкіл алаңды жаңғырықтырып, мен мына кісіні туғанымнан бері білем. Жамандық жасамайтын, өмірде кісінің ала жібін аттамайтын адам. Бұларыңыз әділетсіздік қой, ақсақалдар, жастарды жаман жолға бастамаңдаршы! Әлеумет! Күнәсіз, қорғансыз, жалғыз жанға жүз кісі шығып тұрсыңдар! Оны өлтірсеңдер әрқайсыңа жүз күнә жабысады-жуып арыла алмассыңдар! Иманды ойлаңыздар, жамағат! Мен оны қаршадайынан білем. Жүрегім сезіп түр, кәміл сенем, айыпты емес. Ақылдан адаспаңдар, жамағат! Ташболат! Сен басшысың ғой. Халықты тоқтат! Сәмиғұллаға тимесін. Үйінде алмадай албыраған екі баласы шапқылап жүр. Соларды жетім қалдыра көрме, ақсақалдарға айтшы, Ташболат!

— Ақша ұрлағанда менімен ақылдаспады. Сазайын тартсын! Менің айтарым осы, жамағат, үкім шығару өз қолдарыңда... — деді де Ташболат тонының шалғайына сүріне-қабына алаңнан шығып кетті.

"Жамағат" даурыға дабырласып, өшіге айқай салып, дуылдасып жатты. Тәліп тағы да бірдеңелер айтты, бірақ оның сөзін ешкім тыңдамады. Алайда арбадан түспей, Сәмиғұллаға қарай жақындай берді.

— Өтірікшінің куәсі қасында!

— Түс арбадан, алба-жұлба неме!

— Олжаны екеуің бөліп алдыңдар ма?

— Соғым сойған жерді сағалайтын бұралқы төбет!

— Сыбағаңа олжа коп тиген болар?

Тәліп шапшаң шетке шықты. Тозығы жеткен шекпеннің шалғайын қайырып, беліне дейін көтерді де, қырық жамау дамбалын көрсетті.

— Міне, менің олжам! Асыл торқадан шоқтай киініп алдым. Әне, оның аяғында да үр жаңа шабата!

Тәліп шекпенінің шалғайын көпке дейін жаппады. Сәмиғұлла самарқау қалпында сіресе қатып, серейіп қалған. Ұлпа қар басқан басы аппақ: қыламықтап жауған қар ұшқыны қара бұйра шашын қалайша қалың жапқан?

Тәліп кенет қолын жайып жіберіп, жұртқа жылап тұрып, жалынды:

— Адамнан ұялмасаңдар, құдайдан қорықсаңдаршы, жамағат! Тимеңдер Сәмиғұллаға! Бүкіл ауылға кесір келер. Құдайдың қарғысына ұшырарсыңдар!

Қашаннан аты шулы қаныпезер, қабаған ит жинайтын Ислай әлгі сөз шымбайына батқандай, шатынап, жынданып кете жаздады.

Күжілдеп, жүгіріп келді де: "Құдай қарғаса былай соғады" деп керіле беріп, Тәліпті жуан емен шоқпармен құлақ-шекеден қойып қалды. Арбадан ұшып түскен Тәліп омақаса құлады. Шүберек тысты жұпыны далбағайы шыр көбелек далбақтай ұшып, қар үстіне жалп етті. Айнадай жалтыр басы жарқырап жатыр. Тазы да, мүйізі де жоқ, теп-тегіс жалтыр. Төбе шашы тықырланып түгел түскен.

Ислайдың шоқпары түп шекеден мықтап тиген. Самайынан сорғалаған қан қар үстіне тамды. Бір тамды, екі тамды, үш тамды... Тәліп басын көтерді. Ақырын тізерлеп түргелді. Қанды көрген Ислай еліріп, құтырған жыртқыш аң секілді долданып кетті. Сәмиғүллаға қарай ұмтылып, шоқпарын қатты сілтеп қалды. Сол сәт күллі "жамағат" лап қойып, арбаны қаумалай қоршап алды. Жаным түршігіп, көзімді жұмдым. Құлағыма ақылынан адасқан "жамағаттың" азан-қазан айқайы ғана естіліп жатты. Біраздан соң айқай-шу тынды...

Көзімді аштым. Арба қаңырап бос қалған. Оның арғы жағында, алыстағы ауылкеңес шатырында желбіреген қызыл жалау мұңға батқандай. Алаңнан шыққан жұрт тұс-тұсқа тарап барады. Арбаның қасында Сәмиғұлланың денесі бүктетіліп жатыр. Бүкіл бет-аузын қан жуып кеткен. Басының астындағы ақ қарды қызыл қан ойып түсіпті. Тәліп оның денесі алдында тізерлеп, қар қатқан басын сүйеп, сипап отыр. Ол сипағанымен қар түспейді, қайта шашына қалыңырақ жабысады. Қандай қар бүл, япыр-ау?

Ақ қарға төгілген қызыл қанды, адам қанын өмірімде алғаш көруім. Қан әуелі тамшылап тұрып, заулап, бұрқырап ақты, қарды өртеп, жерге жүгіріп өтті. Ол жерді жылытып барып, топыраққа сіңіп кететінін білемін. Үлкен шешем: "Түтін ауаға тарайды, қан жерге сіңеді, жан аспанға ұшады, тәнді қабір құшады" дейтін. Сәмиғұлланың жаны жолда самғап бара жатқан шығар...

Мен ол кезде қап-қара бұйра шаштың қас қағымда ағарып кететінін білмеуші едім.

— Тамаша бітті, үйіңе қайт, бала! — деді біреу. Мен басымды көтердім. Алдымда үсті-басын түк басқан, аңырайған адырақ көзінде бұршақтай сүйелі шортиған біреу түксиіп тұр. Қасы да, мұрыны да, ауызы да қисық. Түріне қарасам, менің де бет-аузым қисайып бара жатқандай. Үйге қарай зытып бердім. Құдай сақтасын, әлгі пәле түсіме кірмегей...

... Мені аяды білем, түсіме кірмеді, әйтеуір. Бірақ өңімде тағы бір рет кездесті. Талай ошақтың оты сөнді, талай тағдыр нөсердей күркіреп өтті, біз онымен тағыда кездестік.

Ауылға қайтқан сайын алдымен әкем мен Үлкен шешемнің қабіріне тағзым етуге бейіт басына барамын. Қазір өзім де әке түгіл, тіпті ата болған кісімін. Бірақ бейіт басына келгенде өлімді, о дүниені ойлаудан мүлдем аулақпын. Себебі, құлпытасқа аты қашалған адамдардың жер бетінен қашан, қалай кеткені емес, қашан туып, жер бетінде қалай өмір сүргені, қандай қуанышқа кенелгені, қандай азап кергені, қандай шаруа тындырғаны ғой кісіге керегі.

Кейбір қабірдің басында ойға қаламын. Кейбіреуінің қасында еріксіз езу тартамын, себебі, осында жатқандар жер бетінде небір көңілді, қызықты да ғибрат аларлық қыруар естелік қалдырып кеткен. Солардың қайсар рухы көз алдымда тұлғаланып тұратындай. Мұнда данышпандар мен дуаналар, бейбақтар мен арманшылдар, сотқарлар мен сабырлылар, батырлар мен байғұстар жерленген. Мұнда жауыздар да, қорқақтар да, дарынсыздар да жоқ. Болса да мен оларды кермеймін. Кезім көрсе де, көңіл өзге. Себебі, мен солардан қалған дүниеге не болып келе жатқаным жоқ. Игі жақсылардан мұраға қалған дүниеде өмір кешіп, соған иелік етіп келемін. Мен тірі болған соң олар да тірі. Сондықтан да кездескен сайын: "Сәлеметсің бе, әке!", "Сәлеметсің бе, Үлкен шеше!", "Сәлеметсің бе, Талпақ Тәліп?" десем, дереу құлпытастар да жаңғырығып: "Саламат бол!" дейді. Осында бір шынайы шындыққа кәміл көзім жетті: жалғанның жүзінде тірі пенденің бәрі тіршілік етеді, ал өлген соң елдің есінде қалатын тек игі жақсылар.

Балғын шөптің қызыл сүйріктері қылтия жарып шыққан қара төмпешік қабірге көзім түсті. Жарық дүниені жаңа көрген сүйріктер қиялымды қиянға сүйреп, мәңгіліктің тұңғиығына тартып кетті. О баста адамдардың алғашқы сүйріктері жарық дүниеге осылай жарып шыққан-ау деген ой келді сонда басыма. Өсе келе шөп тірі жанға-адамға айналған шығар, енді адамның қайтадан шөпке айналған кезі ғой мынау...

Қабірдің бас жағына еңкейген шүйкедей әйел солқылдай жылап, еңірегенде көз жасына етегі толғандай. Өксіп-өксіп, қайта-қайта зарлайтыны бір соз:

— Ашылған гүлім солды ғой, асыл шырақ сөнді ғой... солған гүлден қайран жоқ, сөнген шамға айлам жоқ...

Бүл соғыстың алғашқы жылында хабар-ошарсыз жоғалған Құрбанғалидің жесірі Сабура еді. Ертеректе, Сабураның келіншек кезінде, Асхат оған әзілдеп: "Самаурын бойлы Сабура" атандырған Бәкене болса да қолы шебер, тілі өткір, еті тірі пысық келіншек, кісі сыртынан сүйреңдеп өсек айтпайтын, ғайбат сөйлемейтін.

Соғыстың орта шенінде ауылға бір топ солдат келген-ді. Біраз тұрған соң бұйрық шығып, қайтып кетті. Күндер өтті, айлар өтті, мезгіл жетті. Сабура ұл тапты. Көрші-қолаң күңкілдесіп, жақын-жекжаттардың қабырғасы қайысты, қатындар өсекті сағыздай шайнады. Тіпті өздерінің күнәсі де, тапқан олжасы да Сабурадан кем түспейтін құрбы-құрдастар да қырын қарап, теріс айналғанды шығарды. Сабураны аяп, маңдайынан сипап: "Өзекті жанға өлім жоқ. Қадамы құтты болсын, Құрбанғалидан ұрпақ қалмап еді, аялап өсірейік" деген тек бір адам. Ол — Гүлбадар. Құрбанғалидің анасы, Сабураның қайын енесі. Бұған дейін қайын ене мен келін бір-біріне пышақ ала жүгірмегенімен, сәл жерде қақтығысып қалатын. Қайын ене күрек сұраса, келін айыр ұстататын, келін қасығын салдыратса, қайын енесі табақты тарсылдататын.

Сол Семен (Сабура тапқан баласына әлгі солдаттың атын қойған, сүйетіндіктен, әрине) туғалы екеуінің араздығы су сепкендей басылды да қалды. Гүлбадар мен Сабураның тіл жетпес татулығы мәңгілік айнымас достыққа айналды. Бөбек өскен сайын қайын енесінің келініне, келінінің қайын енесіне деген ықылас-ілтипаты арта түсті. Гүлбадар Семенды алдымен аулаға көтеріп шықты, сосын көршілеріне корсетті, бұдан соң бүкіл ауылды аралады.

— Құйып қойған әкесі! — деп кекеткісі келгендерді тойтарып тастайтын ол:

— Кімге ұқсаса да, адам баласы! Мекерліктен туған жоқ, махаббаттан туған! Періштедей пәк сәбиге күлу күнә.

Осы Гүлбадар көмілген қара топырақты жаңа жарып шыққан шөптің қызыл сүйрігі қалтырап түр. Соққан самалдан ба, әлде Сабураның өзегін өртеген қасірет лебі тербей ме оны, қайдам.

Әйелдің жаралы көңіліне тимеу үшін әдейі көзіне түспей, зираттың қақпасына қарай кеттім. Бірақ, күңіренген зарлы жоқтауы, ащы дауысы құлағымнан кетпей қойды...

— Ашылған гүлім солды ғой, асыл шырақ сөнді ғой...

Тас қалаған қабірдегі темір қақпаның қасында тұрған бір қартты талай көргенмін. Көрінген кісіден көзін тасалап, теріс айналады. Мен де онымен бетпе-бет кездесуге, сәл кідіріп, сөйлесуге, тіпті сәлем беруге тартына беремін. Жат кісінің жан дүниесі қараңғы орман сияқты. Ішінде не жатқанын кім білсін? Орманға рұқсат сұрамай кірсең де, сырын білмейтін кісіге рұқсатсыз жолай алмайсың.

Бұл жолы шал менен тайсалмады. Нұры қашқан көзін де басқа жаққа бұрмады. Оң жанарын бұршақтай бадырайған сүйел жауып кеткен. Бұл көзінде мүлдем саңылау қалмаған. Сау көзі маған сығырая қадалып тұр. Тәйірі-ау, не айтқысы келеді, мына көз? Жоқ, ештеңең айтпайды.

— Есенсіз бе, ағай! Жай-күйіңіз жақсы ма? — дедім мен. Кенет жүрегім қатты толқып кетті.

— Мен сенің ағаң емеспін. Ешкімнің әкесі де, бауыры да, баласы да емеспін. Жалғанда жалғызбын. Өзіммен өзім. Жай-күйімнің қалай екенін сұрамай-ақ қой. Менде жай-күй жоқ. Мен албастымын.

Мен жүргелі түр едім. Ол шөп үстіне жантая кетті.

— Тұра тұршы, сөйлесейік! — деді қарт, — мен баяғыда-ақ мына жаққа кетуім керек еді, — ол қолымен қорымды көрсетті.

— Неге кетпедің?

— Сәмиғұлла кіргізбейді. "Қабірің жақын жатпасын" деп мені қақпадан еткізбей қойды.

— Қайсы Сәмиғұлла?

— Баяғы өзім өлтірген Сәмиғұлла. Мен оны бір емес, екі мәрте өлтіргенмін: алғаш жұрт алдында оның намысын өлтіргенмін, кейін өзін... — деді шал жайбарақат көрген-білгендерін хабарлап тұрғандай, самарқау, салқын күйде. Зәрем қалмады! Соқыр көзінде бір сұмдық жылт еткендей болды. Қомпаңдап, көтеріліп басылды.

— Мен осы аймаққа аты шулы баукеспе ұры Ярұлламын, — деп сезін жалғастырды ол әлгі салқын үнмен, — менен қорлық көріп, зар жылағандар, мені қарғап-сілейтіндер қыруар. Зұлымдығым оз алдына, айлакер әккі едім. Жүргенде бұта басын қылт еткізбей, жымымды білдірмей, жер соқтырып кететінмін. Сәмиғұлланың ақшасын алғанда есікті де, сандықты да сындырған жоқпын. Кез келген құлыпты аша беретін кілт жасадым. Ақшаны алдым да, құлыптың бәрін жым-жылас жауып кеттім. Кеудемде қасқырдың қара жүрегі жатқан соң қалайша қорқам? Бірақ сонда жүрегіме түңғыш рет күмән кірді. Сәмиғұлла сезімтал, зерек кісі болатын. Менің айламды біліп қоятын сияқты көрінді. Мұны басқа ешкім де істей алмайтын. Жұрт Сәмиғұлланы соттап жатқанда, шыдай алмай, қойныма қорғасыннан құйған қолақпанымды тығып алып, алаңға келгенмін. Өзгелер таяғымен шыбығын, келтегін сермеп жүргенде, мен қолақпанмен басына бір-ақ рет қойып қалдым. Ол арбадан аунап түсті. Қолақпанымды жасырдым да бір шетке суырылып шықтым. Ешкім сезбей қалды. Бірақ бірден ұзап кете алмай, жұрт тарағанша өліктің қасында тұрдым. Өліктің басы көзіме аппақ болып көрінді. Денем қалшылдап, бетімді біреу шеңгелдеп, жұлып алғандай қисаңдап кетті.

Осыны есіткенде бейіт қақпасының қасында емес, сонау бір жылғы өрт алаңындағы үйілген қардың үстінде тұрғандай болдым. Алдымда үсті-басын түк басқан, беті қисайған, көзінде шортиған ақ сүйелі бар біреу тұра қалды. Мен одан мүлдем сескенбеймін. "Тамаша бітті, үйіңе бар!" деймін оған, бірақ тынысым тарылып, дауысым шықпайды.

Өткен өмір баспалдақтарын ақырын санап басып, осы жерге, мына бейіт басындағы шарбақ қоршауға қайтып келдім. Сидам сирағы сорайған Ярұлла үнсіз отыр. Есімді жинаған кезде коп жылдардан бері мазамды алған бір ой басыма сап ете түсті. Бүл ауылкеңес төрағасы Ташболаттың баяғы қылығы. Осыған орай шалға төтенше сұрақ қойдым:

— Әлгі ақшаны Ташболатпен бірге ұрладыңдар ма?

— Жоқ. Ол тіпті білмеді. Оған керегі ақшаны кім ұрлап, қайда жібергені емес. Ташболаттың өз есебі болатын. Қалайда Сәмиғұлланың көзін жойғысы келіп, тісін қайрап жүретін. Ақша ұрлағанын біліп, құдайы берді. Өздерің соттаңдар деп, халықты азғырып, айдап салды да, өзі сырт айналып кетті.

— Сәмиғұллада оның не өші бар еді?

— Анығын білмеймін. Азамат соғысы кезінде Ташболат бір жексұрындық, хайуандық жасаған көрінеді. Шамасы, Сәмиғұлла соны біледі-ау. Сәмиғұлла тіктеліп қараса, кірерге тесік таппайтын. Мен қорықпайтынмын. Ешкімнен айылымды жимайтынмын. Менің жаныма үрей туғызған Сәмиғұлланың өлімі. Содан қатты қорықтым. Сол түні қара айғырды арбаға жектім. Үйімді, қатынымды, балаларымды тастап, ит арқасы қияндағы жат жұртқа асып кеткем. Қырық жылдан кейін атамекенде қабірім қалсын деген ниетпен елге қайттым. Осында жүргеніме қазір үш жыл Сәмиғұлла маңына жолатпайды. "Сен сотқа барып, жасаған қылмысыңа лайық жазаңды тарт, содан кейін жіберемін" дейді. Қаншама қылмыс жасадым, жұртқа қыруар ақырет көрсеттім — ел де, құдай да соның бәрін көре тұрып, мені дер кезінде жазаламады ғой. "Мойнымда коп қылмысым бар, соларға лайық жаза беріңіздер!" деп өкімет мекемелеріне, заң орындарына бардым. Қайда барсам да: "Қылмысыңның мерзімі өткен, күнәларың ескірген" деген жауап алдым. Жоқ-жоқ мерзімі де өтпеген, ескірмеген! Мен оны жақсы білемін-менің қылмысым, менің күнәм ғой соның бәрі... Мен ағызған көз жасы, мен төккен қан мына мұнда, алқымыма тіреліп тұр.

Қарт орнынан қарғып тұрды. Ышқына шыңғырған, қарлыққан айқайы құлағымды жарып кете жаздады.

— Ей, адамдар! — деп шырылдады ол — Бәрін мезгілімен жасауға тырысыңдар. Тіпті, мезгілінен бұрын мақтау, сыйлық алып қалыңдар! Жандарыңды сол үшін пида етіңдер, байғұстар, қорқаулар, есерлер! Күнәларың үлкен болсын, кіші болсын дер кезінде жаза алуға тырысыңдар! Асығыңдар! Кешікпеңдер! Кешіксеңдер бастарыңа зауал туады, сендерге мына темір қақпа ашылмай қалады. Сәмиғұлла жібермейді...

Үйренген әдетінше Ярұлла орнына қайта жантайды да ұзын, кең көйлегінің жеңімен маңдайын сүртті. Мені мүлде ұмытқан сияқты. Мен жөніме кеттім.

...Боранды күндердің бірінде Ярұлла үшті-күйлі жоғалып кетті. Төңіректі түгел шарлаған жұрт оны таба алмапты. Тек жазғытұрым көрші ауылдың қасындағы бейіт шарбағының түбінде қар астынан шалдың қарайып кеткен денесі шықты. Ол осы шарбақтың сыртына көмілді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама