Екібастұзда бейнебақылау камераларына түсіп қалған аяусыз қатыгездік оқиғасы бойынша сот үкім шығарды. Әйел адам ер адамды өлтіріп, тағы бір әйелді өлтірмек болғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Сот анықтағандай, айыпталушының кінәсі оның өзінің көрсетуімен, куәгерлердің айғақтарымен, сот-сараптама қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталған.
Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін мән-жай ретінде кінәні жартылай мойындауды ескерді. Ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстың масаң күйде жасалуы және қауіпті рецидив танылды.
Кісі өлтіруге оқталу үшін сот 10 жыл, ал дәрменсіз күйдегі адамды өлтіргені үшін 16 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза 17 жыл болды.
Сотталушы жазасын барынша қатаң режимдегі мекемеде өтейтін болады.
Қайғылы оқиға Екібастұздың бір ауласында болған. Жанжал бейнебақылау камераларына түскен. Ер адам пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмған, ал әйелді ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізген.


