Экібастұзда ерекше қажеттіліктері бар балаға қатыгездік танытқан 20 жастағы студентке қатысты резонанстық сот процесі аяқталды. Оңалту орталығында жаттықтырушы болып жұмыс істеген жігіт кінәлі деп танылды, алайда дереу жазадан босатылды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқиға оңалту орталығында болған. Айыпталушы жергілікті колледждің дене шынықтыру және спорт кафедрасының студенті ретінде балалармен сабақ өткізген. Бейнебақылау камералары жігіттің қызды қолынан сүйреп, басына соққы бергенін көрсеткен. Салдарынан дәрігерлер балада ауыр жарақат анықтаған.
Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін мойындамай, зиян келтіру ниеті болмағанын айтты. Ол қыз оны тістеп алғандықтан, соққы рефлекторлық болғанын түсіндірді. "Сондай-ақ айтқым келеді, мен адам ретінде Айлананың ерекше бала екенін, кішкентай бала екенін түсінемін. Менде саналылық бар және мен ешқашан оған әдейі зиян келтірмес едім, Айлананың анасы айтқандай, әдейі бетінен ұрмас едім. Бұл рефлекторлық қозғалыс болды, өйткені ол мені тістеп алды. Мен мұны өзім де күткен жоқпын", - деді айыпталушы.
Мемлекеттік айыптаушы бір жыл бас бостандығын шектеу және екі жылға педагогикалық қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы талап етті. Алайда сот барлық тараптарды тыңдап, басқа шешім қабылдады. "Сот оны ҚР ҚК 140-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. ҚР 2026 жылғы 1 шілдедегі жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы Заңының 1-бабы 1-тармағының 1 және 4 тармақшалары негізінде негізгі жазадан босатылсын", - деп оқыды Павлодар облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жұлдыз Камалова.
Сонымен қатар, сот 10 миллионның орнына 500 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді және жәбірленуші тараптың адвокаттарға кеткен шығындарын өтеуді міндеттеді. Қыздың ата-анасы үкіммен келіспей, оны тым жұмсақ деп санайды. Анасының айтуынша, оқиғадан кейін баланың дамуында кері кету болған, отбасының оңалтуға салған барлық күш-жігері зая кеткен. "Моральдық зиянға келер болсам, шынымды айтсам, қызымның көрген азабын 500 мың теңгеге бағалай алмаймын. Бұл тұста мен онша қанағаттанбаймын. Тағы бір мәселе - ол бейтаныс ер адамдардан қорқады, жүйкесі тозып, қашады, қазіргі уақытта ұйқысының бұзылуы да өзекті", - деді жәбірленуші қыздың анасы Самал Нурашева.
Іс бойынша тергеу сегіз айға созылды, ал отбасының адвокаттарға кеткен шығындары 1,3 миллион теңгеден асты. Апелляциялық шағым беру мәселесі әзірше шешілмеген.


