Шығыс Қазақстан облысындағы Куршум өзені маңында жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың видеосы әлеуметтік желі қолданушыларының алаңдаушылығын тудырды. Жарияланым авторы алтын өндірушілер өзен арнасына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтады. Енді жағдайды экологтар тексереді... деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Кадрларда ауыр техниканың өзен арнасын бөгеп жатқаны, орман кесіліп, жол салынып жатқаны көрінеді. «Өзенді бөгеп тастады, әрі қарай қалай барамыз белгісіз. Арғы жағында орман кесіп, жол салып жатыр. Қазір осы учаскеден қалай өтетінімізді көреміз. Барлық белгі бойынша өте қиын болады. Ал сіздер қандай ауқымды екенін қараңыздар: алтын үшін бәрін қопарып жатыр», — дейді видео авторы.

Жарияланымда Куршум ғана емес, Қалжыр өзені де қауіп астында тұрғаны айтылады. Кадр сыртындағы дауыс жұмыстарға шетел азаматтарының қатысып жатқанын мәлімдейді.

Куршум ауданы аумағындағы жұмыстарды «ГРК «ВИЗОЛ» ЖШС жүргізіп жатыр. Компания Қыстау-Куршум өзенінің алабындағы Токбура учаскесінде геологиялық барлау және бағалы металдарды өндірумен айналысады. ШҚО әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жер қойнауын пайдаланушыда қажетті рұқсат құжаттары бар. Атап айтқанда, компания I санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты 2021 жылғы 26 наурызда алған. Алайда әлеуметтік желілерде пайда болған бейнематериалдар жеке тексеруді қажет етеді.

ШҚО бойынша экология департаменті компания қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады. Мамандар экологиялық талаптардың сақталуын және жүргізіліп жатқан жұмыстардың су объектісіне әсерін анықтайды. «Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстан облысы бойынша экология департаменті жер қойнауын пайдаланушының қызметін экологиялық заңнама талаптарының сақталуына, жүргізіліп жатқан жұмыстардың су объектісіне ықтимал әсері туралы ақпаратты ескере отырып, жоспардан тыс тексеруді бастады», — деді ШҚО әкімінің баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова.

Тексеру қорытындысы бойынша компанияның әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Егер бұзушылықтар расталса, жер қойнауын пайдаланушыға заңда көзделген шаралар қолданылады. Әкімдікте жағдай уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылауында екенін де мәлімдеді. Тексеру нәтижелері мен қабылданған шаралар туралы билік қосымша хабарлауға уәде берді.

Айта кетейік, бұл Куршум ауданындағы алтын өндірісі дау тудырған алғашқы жағдай емес. Мысалы, 2021 жылдың қыркүйегінде әлеуметтік желілерде Куршум және Қыстау-Куршум өзендерінің ықтимал ластануы туралы хабарламалар тарағаннан кейін ШҚО экология департаменті компанияға жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын. Сонда мамандар жинақтаушы тоғандардан технологиялық сулардың жер бедеріне асып төгілуі және тұндырғыштан судың Қыстау-Куршум өзеніне ағызылуы фактілерін анықтаған.