ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы РМҚК-да мемлекеттік сатып алу кезінде 2,5 млрд теңге жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы infohub.kz хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) мәліметінше, 2023–2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарын материалдық-техникалық жарақтандыру үшін республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Алайда күдікті РМҚК директоры Р.Қ.Сатыбалдиевпен, Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Д.Б.Искендеровамен, сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС басшысы А.А.Шинтемировамен бірігіп, бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған. Қылмыскерлер жабдық құнын үш есеге жасанды түрде көтеріп, жалған коммерциялық ұсыныстар пайдаланған.
Сот үкімімен Р.Қ.Сатыбалдиев, Д.Б.Искендерова және А.А.Шинтемирова кінәлі деп танылған. Оларға мүлкін тәркілей отырып, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілген.
2025 жылдың наурызында қылмыстың болжамды ұйымдастырушысы халықаралық іздеу жарияланған. Сот сырттай қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялаған. Ағымдағы жылдың басында күдікті Вьетнам аумағында ұсталды. Қаржылық мониторинг агенттігі, Интерполдың Ұлттық орталық бюросы және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ұсталған адам Қазақстан Республикасына қайтарылды.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.


