Сауд Арабиясынан Қазақстанға терроризм насихаттады деп айыпталған 51 жастағы Ақтөбе облысының тұрғыны экстрадицияланды. Ақтөбе қалалық сотында тергеу нұсқасы бойынша Сауд Арабиясында тұрған кезінде Telegram мессенджері арқылы терроризм насихатының белгілері бар материалдар таратқан ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ер адамның 2008 жылы Алматы арқылы Сауд Арабиясына кетіп, Мединада тұрғаны анықталды. Прокурордың айтуынша, іс бойынша жіберілген хабарламаларда терроризм насихатының белгілері бар екенін растаған бірнеше сараптама жүргізілген.
Сотта айыпталушы: «Мен жұбайым және үш баламмен бірге Сауд Арабиясына аттандым. Исламды қабылдап, білімімді тереңдеткім келді. 2008 жылдан 2026 жылға дейін сол жерде тұрдым. Хабарлама жібергендердің бірі 2018 жылы Мединаға келіп, оқуға түсті. Солай таныстық. Екінші адаммен Ақтөбедегі мешітте таныстым. Үшінші адамды есімде жоқ. Енді қателігімді түсіндім, шын жүректен өкінемін. Бұл мәтіннің терроризмді насихаттайтынын білмедім», — деді.
Сонымен қатар, отырыс барысында айыпталушының ұялы телефонынан табылған, қарулы қақтығыстар көріністері түсірілген бейнежазбалар көрсетілді. Іс материалдарына сәйкес, ер адам 2019 жылы іздеу жарияланған, кейін Интерпол желісі бойынша халықаралық іздеуге қойылған. Тергеу бірнеше рет ұзартылып, іс бойынша өндіріс мезгіл-мезгіл тоқтатылып тұрған.
Ағымдағы жылы айыпталушы ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Айыпталушының қорғаушысы процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш білдірді.


