Алматыда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырды деген күдікті Вьетнамнан экстрадицияланды, деп хабарлайды infohub.kz.
Қазақстан Бас прокуратурасының қызметкерлері ІІМ Интерпол Ұлттық орталық бюросымен бірлесіп, Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігінің көмегімен халықаралық іздеуде жүрген шетелдікті экстрадициялады. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Тергеу нұсқасы бойынша, 2022–2023 жылдары күдікті серіктесімен бірге Алматы аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, 12 млн теңгеден астам қылмыстық кіріс алған. Қылмыс жасалғаннан кейін бір фигурант қылмыстық жауапкершілікке тартылса, екіншісі жасырынып, іздеу жарияланды.
Ағымдағы жылдың ақпан айында ер адам Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына орналастырылған.
Айыпталатын әрекет үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


