Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов Курчатов қаласында қуаты 700 МВт электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық келісімді бекітетін қаулыға қол қойды. Жобаның жалпы құны 881 млрд теңгені құрайды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Келісім Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі мен «ГРЭС Курчатов» ЖШС арасында жасалды. Жаңа конденсациялық электр станциясы Абай облысының Курчатов қаласында орналасады.
Құжатқа сәйкес, әрқайсысының қуаты 350 МВт болатын екі энергоблокты 2032 жылға дейін кезең-кезеңмен іске қосу жоспарлануда. Станция іске қосылғаннан кейін жылына 5 млрд кВт/сағ-қа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жоба шамамен 4,4 мың жұмыс орнын құруды көздейді.
«Станция жоғары қысым мен температура параметрлерінде жұмыс істеуге есептелген заманауи бу-күш жабдығымен жабдықталады, "таза көмір" технологиялары қолданылады», — делінген үкімет мәлімдемесінде.
Қоршаған ортаға әсерді азайту үшін жобаға Экологиялық кодекске және қолжетімді үздік техникалар талаптарына сәйкес газ тазарту, шығарындыларды сүзу және шаңды басу жүйелері кіреді.


